Болгарияда еуроны енгізуге қарсы наразылық шерулері өтті

Болгарияның бірнеше қаласында еуроны енгізуге қарсы жаппай наразылық шерулері өтіп, ереуіл басшылары үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Бұл туралы 13 қыркүйекте Болгария ақпарат агенттігі хабарлады.
Журналистердің хабарлауынша, «Жаңғыру» партиясының жетекшісі Костадин Костадинов Болгария үкіметін отставкаға кетуге шақырған. Наразылық акциясын Софиядағы партия ұйымдастырған.
«Бір ғана жол бар — отставка. Бұл үкіметтің отставкаға кетуі Болгарияны сақтап қалу үшін, болгар левін сақтап қалу үшін», — деді Костадинов.
Саясаткер үкіметтің отставкаға кету себептерін атады – бюджет тапшылығы 6,5 миллиард левадан (3,9 миллиард доллар) асуы, инфляцияның жоғары деңгейі, сыбайлас жемқорлық және сыртқы саяси бастаманың толық болмауы.
Наразылық акциясында болгар левін сақтауды қолдайтын қол жинау пункттері ұйымдастырылды, делінген мақалада.
Митингтер Болгарияның басқа да қалаларында – Шумен, Плевен, Варна, Велико-Тырново және Руседе өткені көрсетілген.
Болгарияда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап еуро айналымға енгізіледі. Республика еуроаймақтың 21-ші ресми мүшесі болады. Болгар ұлттық радиосы 31 мамырда ұлттық валютаның (болгар леві) өзгеруіне наразылық білдірушілер еуроның енгізілуіне байланысты бағаның күрт көтерілуінен қорқады деп хабарлады. Бұған қоса, олар елдің еуроаймаққа қосылуы туралы референдум өткізуді талап етті.
Елордада ғана емес, елдің бірқатар қалаларында мыңдаған адам көшеге шықты. Демонстрацияны ұйымдастырушылар «Жаңғыру» партиясы мен үкіметтік емес ұйымдардың айтуынша, олар левті бірыңғай еуропалық валютаға ауыстыру жоспарына қоғамның келіспеушілігін көрсетпек.
«Олардың пікірінше, Болгария еуроны енгізуге дайын емес және кедейлік пен бағаның көтерілуінен қорғайтын тетіктері жоқ», — делінген мақалада.
Шерушілер елдің еуроаймаққа кіруі туралы референдум өткізуді талап етті.
Бұл ретте Еуроодақтың Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссары Валдис Домбровскис 4 маусымда Болгария еуроаймаққа мүше болу үшін барлық талаптарға сай екенін айтқан болатын.
