Қазақстан мен Мажарстан инновацияның даму перспективаларын талқылады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Мажарстан Премьер-министрі Кеңсесінің Мемлекеттік хатшысының орынбасары – Премьер-министрінің Саяси директоры кеңсесінің басшысы Мартон Угрошдимен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында сұхбаттастар Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады. Жоғары білім, ғылым, жасанды интеллект және инновациялар саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларына ерекше назар аударылды.
Ә.Бақаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына жасаған Жолдауын негізге алып, ҚР Үкіметі ел экономикасына жасанды интеллект енгізуге үлкен көңіл бөлетінін және жоғарыда аталған бағыттар бойынша ынтымақтастыққа ашық екенін айтты.
М.Угрошди Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің университеттері арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетіне назар аударып, осы мәселелерде Ұйым Хатшылығының маңызды үйлестіруші рөлін атап өтті.
Экономикалық ынтымақтастық аясында тараптар Түркі инвестициялық қорын одан әрі дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
