Ораз Жолдасов ТМД елдері Ішкі істер министрлігі Жоғары оқу орындары қауымдастығының отырысына қатысты

0
80

Бішкек қаласының «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында ТМД елдері Ішкі істер министрлігі (полиция) жоғары оқу орындары қауымдастығының кезекті отырысы өтті.

Қырғызстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңеске министрдің бірінші орынбасары Адылбек Бийбосунов және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрлігінің (полиция) жоғары оқу орындарының делегациялары: ҚР Ішкі істер министрлігі Басқару академиясының бастығы Ораз Жолдасов, Беларусь Республикасы Ішкі істер министрлігі Могилев институтының бастығы Роман Романчук, Беларусь Ішкі істер министрлігі Академиясы бастығының міндетін атқарушы Алексей Башан, ҚР ІІМ Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин, Ресей ІІМ Басқару академиясының ғылыми-зерттеу орталығы бастығының орынбасары Андрей Ситковский, Өзбекстан Ішкі істер министрлігі Академиясы бастығының орынбасары Нажмиддин Тураходжаев және Тәжікстан Ішкі істер министрлігі Академиясының бастығы Насуриён Пулот қатысты.

Шара «Ата-Бейіт» мемориалдық кешеніне гүл қою рәсімімен ашылып, одан кейін жұмыс резиденцияда жалғасты. Қатысушылар құқық қорғау органдарына мамандарды даярлаудың тәсілдерін талқылады. Олар оқу үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу, оқу бағдарламаларын қазіргі заман талабына бейімдеу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби білім алуындағы халықаралық тәжірибемен алмасу мәселелеріне назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар білім беру және ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың, академиялық ұтқырлықты кеңейтудің, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрліктерінің (полиция) оқу орындарының бірлескен жобаларын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.