Қазақстан Кипрмен және Испаниямен ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министірінің орынбасары Арман Исетов Кипр Республикасының Қазақстандағы Елшісі Петрос Накузиспен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен қазақ-кипр ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.
Тараптар қарым-қатынастардың оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар, қаржы қызметтері мен туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Гуманитарлық және білім беру алмасуларын кеңейтуге, сондай-ақ құқық саласындағы өзара іс-қимылға айрықша назар аударылды.
А. Исетов Кипрдің Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы маңызды әріптес екенін атап өтіп, Астана Никосиямен ЕО, БҰҰ және ЕҚЫҰ желісі бойынша белсенді ынтымақтасуға әзір екенін айтты.
Өз кезегінде П. Накузис кипр тарапының көпжақты байланыстарды нығайтуға, іскерлік байланыстарды жандандыруға және мәдени бастамаларды ілгерілетуге ниетті екенін растады.
Кездесу соңында тараптар тұрақты диалогты жалғастыруға және екіжақты әрі көпжақты деңгейлерде байланыстар қарқынын сақтап қалуға уағдаласты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Луис Франсиско Мартинесті қабылдады.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ алдағы іс-шаралар жоспарын талқылады.
Кездесуде Қазақстан мен Испания арасындағы қарқынды сауда-экономикалық байланыстарда испандық жетекші компаниялардың қатысуымен елімізде ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқаны аталып өтті.
Қазақстандағы испан тілі мен мәдениетінің танымалдылығын ескере отырып, дипломаттар өзара қызығушылық тудыратын мәдени-гуманитарлық жобаларды жан-жақты қарады. Сондай-ақ спорттық дипломатия мәселелері талқыланды.
Испания Елшісі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жандандыруға және одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
