Қырғызстан президенті кезектен тыс парламент сайлауын белгіледі

0
62

Қырғызстанда мерзімінен бұрын парламент сайлауы 30 қарашада өтеді, деп  Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі сейсенбі күні хабарлады.

«Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мерзімінен бұрын парламент сайлауын 30 қарашаға белгіледі», — делінген хабарламада.

Президент қол қойған жарлыққа сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына дауыс беруді, оның ішінде қашықтықтан дауыс беруді ұйымдастыруды тапсырды. Жергілікті мемлекеттік әкімшіліктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тиісті уәкілетті органдар мен сайлау комиссияларына сайлауды әзірлеу мен өткізу кезінде ұйымдастырушылық-техникалық мәселелерді шешуге көмектесу тапсырылды.

Қырғызстан парламентінің депутаттары 25 қыркүйекте бастамашыл топтың парламентті тарату туралы ұсынысын қолдады.

Қырғызстан Конституциясына сәйкес, парламентті тарату туралы шешім кемінде үштен екісінің (60 депутат) көпшілік даусымен және парламент мүшелерінің жалпы санының үштен бірінің (30 депутат) бастамасы бойынша ғана қабылдануы тиіс. Қырғыз парламентінде 90 депутат бар.

Қырғыз парламентінің жетінші шақырылымы депутаттарының өкілеттігі 2026 жылдың қарашасында аяқталуы тиіс еді.

Маусым айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Қырғыз Республикасының Президентін және Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаттарын сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Заңға сәйкес, депутаттарды сайлау үшін 30 көп мандатты аумақтық сайлау округі құрылады, олардың әрқайсысында үш депутат сайланады, олардың біреуі әйел болуы керек. Саяси партиялар мен азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы депутаттыққа кандидаттар ұсынуға құқылы.

Тағы бір жаңалық – қашықтан, электронды дауыс беру мүмкіндігі. Бұрын дауыс беру тек сайлау учаскесіне жеке қатысу арқылы ғана мүмкін болатын.

Сайлау туралы заңға өзгертулер енгізілгенге дейін Қырғызстанда әрқайсысы бір депутаттан сайланатын 36 округ болды, ал қосымша 54 депутат партиялық жүйе арқылы сайланды.

Заңға сәйкес келесі тұлғалар Президент немесе Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайлана алмайды:

1) соттылығы бар, оның iшiнде жойылған немесе өтелген;

2) мыналарды қоспағанда, қылмыстық iс оңалтуға жатпайтын негiздер бойынша қысқартылғандар:

— онша ауыр емес қылмыстар, абайсыздықтан жасалған онша ауыр емес қылмыстар;

— жәбірленушінің жеке-жариялы айыптауды қолдаудан бас тартуы және/немесе айыпталушы мен жәбірленушінің Қырғыз Республикасының қылмыстық заңнамасында белгіленген тәртіппен келісімге келу жағдайлары;

3) діни қызметін тоқтатқаннан кейін бес жыл ішінде дін қайраткерлері.