Қазақстанның туристік саласына салынған инвестиция көлемі 27%-ға өсті

Ішкі туризм индустриясы инвесторлар үшін өте тартымды. Бұған цифрлар дәлел. Мәселен, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында салаға салынған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артып, 600 миллиард теңгеге жуықтады.
Рекордтық өсу қарқыны Ұлытау облысында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарында тіркелді. Елімізге келген шетелдіктер саны да оң динамика көрсетіп, алғашқы алты айда 7,5 миллион туристке жетті. Бұл туралы Астанада өткен брифингте тиісті министрлік хабарлады.
Министрліктің айтуынша, шетелдік туристер ағынының артуы да қаржылық нәтижеге ықпал етуде. Қонақ үйлерден хостелдер мен курорттарға дейінгі орналастыру орындарының жалпы кірісі 151 миллиард теңгеден асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда төрттен бір есе жоғары. Министрлік курорттық аймақтарды дамыту бойынша да бірқатар шараларды ұсынып отыр. Мысалы, оларға арнайы құқықтық режим орнату.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы: «Бұл бірінші кезектегі туристік аймақтарға берілетін инвестициялық преференцияларға ұқсас болады. Біз сондай-ақ туристік жобаларға жеңілдікті несиелерді қаржыландыруды қарастыруды ұсынамыз. Сондай-ақ курорттық аймақтарда міндетті талаптардың сақталуына мониторинг пен қадағалау жүйесін құру маңызды. Бұл жүйе жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерді және шектеу шараларын қолдануды қамтиды. Осы кешенді шараларды жүзеге асыру қызмет көрсету сапасы мен туристерді көбірек тартуға мүмкіндік береді деп сенеміз»,- деді.
Егер саланың негізгі көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл сайынғы тұрақты оң динамика байқалады. Мысалы, орналастыру орындарының саны 2001 жылдан бастап 165-тен 4 303 бірлікке дейін, ал олардағы төсек-орындардың саны 16 мыңнан 225 мыңға дейін өсті. 4-5 жұлдызды қонақүй саны 5 бірліктен аспаса, 2025 жылдың басында олардың саны 78 бірліктен асқан.
Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілер саны 2009 жылғы 2,3 млн адамнан 2024 жылы 9,1 млн адамға дейін өсті. Аталған кезеңде (2009-2024 жж.) шетелдік туристер саны 513 мыңнан 980 мың адамға дейін өскен.
Туризм саласына жыл сайынғы инвестициялар көлемі 6,7 есе – 144 млрд теңгеден 975 млрд теңгеге дейін өскен.
Соңғы бірнеше жылды ерекше атап өткен жөн, жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау және туристік дестинациялардың қолжетімділігін жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2019 жылдан бастап жалпы сомасы 213,4 млрд теңгеге 139 инфрақұрылымдық жоба іске асырылған.
