Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентімен кездесу өткізді

Президенттер Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға бейіл екендерін растады.
Тараптар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға «Орталық Азия – Ресей» саммитін, сонымен қатар ТМД Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын табысты өткізуге тілектестік білдірді.
Кездесудің тағы бір тақырыбы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын Душанбеде өткізу болды. Сондай-ақ цифрландыру жұмыстарының барысы және тәжік IT мамандарын оқытуға грант бөлу мәселелері талқыланды.
Тараптар өзара мүдделі басқа да мәселелер бойынша жемісті диалог жүргізді.
