ТМД саммитінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің 2030 жылға дейінгі әскери ынтымақтастығы тұжырымдамасы бекітілді

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 2030 жылға дейінгі әскери ынтымақтастығы тұжырымдамасы бекітілді. Тиісті шешім 10 қазанда Душанбеде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысында қабылданды.
Әскери ынтымақтастықты Достастық мемлекеттері егеменді мемлекеттердің әскери саладағы өзара іс-қимылының жалпыға бірдей танылған нысаны ретінде қарастырады және ортақ міндеттерді шешу және ортақ мүдделерді ілгерілету үшін жан-жақты ынтымақтастыққа ұмтылу негізінде халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерінің басымдықтарына сәйкес әскери ынтымақтастық ашық, болжамды және үшінші елдерге қарсы бағытталмаған.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі көпжақты әскери ынтымақтастық өзара сенімді, бөлінбейтін қауіпсіздікті нығайтуды, тең құқылы, тату көршілік, оның ішінде басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарды дамытуды көздейді. Оның дамуы халықаралық бейбітшілікті, аймақтық тұрақтылықты сақтау, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әрбір мемлекетінің қауіпсіз дамуы үшін жүзеге асырылады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің егемендігін нығайтуға бағытталған әскери ынтымақтастықтың рухани негізі – 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ұлы Жеңістің тарихи жады және біздің халықтарымыздың жасампаз бүгіні.
Әскери ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшыларының кеңесі айқындайды және алдағы бес жылдық кезеңге ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери ынтымақтастық тұжырымдамаларында көрсетіледі.
Қолданыстағы Тұжырымдаманың ережелері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің көпжақты әскери ынтымақтастығының сабақтастығын және оның ұйымдық-құқықтық тетіктерді жетілдіруге, бірлескен іс-шаралардың перспективалық бағдарламалары мен жобаларын әзірлеуге, дәстүрлі де, жаңа өзекті салаларда да практикалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға негізделген тұтас жүйе ретінде одан әрі дамуын қамтамасыз етеді.
Құжатта қорғаныс министрліктері, қарулы күштердің бас штабтары, әскери қолбасшылық органдары, әртүрлі санаттағы әскери мамандардың бірлескен қызметі шеңберінде жұмыс байланыстарын одан әрі жетілдіру көзделген. Сондай-ақ көпжақты және екіжақты байланыстар кең ауқымды сапарлар, жұмыс кездесулері, Қорғаныс министрлері кеңесінің отырыстары, үйлестіру комитеттерінің отырыстары, үйлестіру конференциялары, жауынгерлік және арнайы дайындық, әскери-кәсіби және далалық дайындық мәселелері бойынша бірлескен көпсалалы іс-шаралар, сондай-ақ ынтымақтастықтың басқа да нысандары арқылы одан әрі дамитын болады.
Бұл ретте, олардың қол жеткiзген функционалдық деңгейiн ескере отырып, бiрлескен (интеграцияланған) әскери жүйелердi құру және дамыту тетіктерін сапалық жақсарту көзделуде.
Қарулы күштер құрамындағы бірлескен әскери жүйелердің ұлттық құрылымдарын нығайтуға ерекше назар аударылатын болады. Бірыңғай әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін, бірлескен байланыс жүйесін, ҰБК жағдайын бақылау мен бағалаудың бірлескен жүйесін, радиолокациялық сәйкестендірудің бірыңғай жүйесін, қарулы күштердің бірыңғай әскери географиялық ақпараттық жүйесін дамытуға басымдық беріледі деп күтілуде. Бұл ұлттық қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін және әскери өзара іс-қимыл деңгейін айтарлықтай арттырады.
Бекітілген құжат орта мерзімді перспективада Достастық мемлекеттерінің қауіпсіз дамуын қамтамасыз ету мүддесінде одан әрі көпжақты әскери ынтымақтастық үшін қажетті саяси-құқықтық жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
