Трамп Газа саммитіне қатысу үшін Мысырға келді

0
60

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы соғысты тоқтатуға арналған саммит өтетін Египетке келді. Газа қақтығысын реттеу және Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату мақсатындағы саммит Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өтеді.
Мысыр билігі «Шарм-эль-Шейх бейбітшілік саммитіне» қатысатын көшбасшылардың тізімін жариялады.

Мысырдың ресми MENA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, президенттік, корольдік және әмірлік деңгейдегі «Шарм-эль-Шейх бейбітшілік саммитіне» келесі көшбасшылар қатысады: Мысыр президенті Абдель Фаттах әл-Сиси, АҚШ президенті Дональд Трамп, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Иордания королі Абдалла II, Катар әмірі Тамим бин Хамад Аль Тани, Бахрейн халифасы Хамад бин Иса Аль Халифа, Палестина президенті Махмуд Аббас, Индонезия президенті Прабово Субианто, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Франция президенті Эммануэль Макрон және Кипрдің грек басшысы Никос Христодулидес.

Премьер-министрлер деңгейіндегі саммитке Германия, Ирак, Ұлыбритания, Италия, Испания, Грекия, Армения, Венгрия, Пәкістан, Канада, Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейт өкілдері қатысады деп күтілуде.

Саммитке Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Араб Лигасының Бас хатшысы Ахмед Абул Гейт, Еуропалық Кеңес төрағасы Антонио Коста, Үндістан Сыртқы істер министрі Субрахманям Джайшанкар және Жапонияның Каирдегі елшісі Фумио Иваи қатысады.

Мысыр президентінің кеңсесі 13 қазанда Шарм-эль-Шейхте президент Абдель Фаттах әл-Сиси мен АҚШ президенті Дональд Трамптың тең төрағалығымен 20-дан астам ел басшыларының қатысуымен «Бейбітшілік саммиті» өтетінін хабарлады.

Атысты тоқтату және тұтқындарды алмасу. 9 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Египеттегі келіссөздер барысында Израиль мен Хамастың Газа секторы үшін атысты тоқтату жоспарының бірінші кезеңін мақұлдағанын хабарлады. Келісім Израиль үкіметі бекіткеннен кейін 10 қазанда күшіне енді.

Израильдің 2023 жылдың 8 қазанынан бастап атысты тоқтату келісіміне қол қойылғанға дейін Газа секторына жасаған шабуылдарында 67 682 адам қаза тауып, тағы 170 033 адам жараланды.
Франция президенті Эммануэль Макрон да дүйсенбіде жиырмадан астам әлем көшбасшылары қатысқан «бейбітшілік саммитіне» қатысу үшін Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласына келді. Макрон саммитте Израиль мен Хамас арасындағы келісімнің «орындалуын» қолдайтынын мәлімдеді.