Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысын өткізді

0
50

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Trendnews.kz тілшісі, Ақордаға сілтеме жасап.

Жиынның күн тәртібінде көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы мұндай формат Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының ерекше сипатын паш ететінін атап өтті.

Кеңес екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша ортақ шешім шығаратын тиімді алаңға айналды. Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет. Бізді ортақ тарихи тамырластық, бай рухани-мәдени мұра біріктіреді, менталитетіміз бен ұстанымдарымыз ұқсас. Сан қырлы ынтымақтастығымыз осы мызғымас құндылықтардың негізінде дамып келеді. Ильхам Гейдар оглу, Сіздің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыздың маңызы зор. Сіздің сапарыңыз екі ел арасында Стратегиялық серіктестік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толған сәтте өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жылдар ішінде біз белсенді саяси диалогты жолға қойып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың үздіксіз дамуына берік шарттық-құқықтық негіз қаладық. Осынау жан-жақты, әрі дәйекті жұмысты екі ел азаматтары да қолдап отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынастарының жоғары деңгейге жетуіне, ең алдымен, Президент Ильхам Әлиев елеулі үлес қосқанына назар аударды.

Сіздің тұрақты қолдауыңызды жоғары бағалаймын. Бүгінгі Әзербайжанның айтулы жетістіктері Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен тікелей байланысты. Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы декларацияның тарихи маңызы зор екенін арнайы атап өткім келеді. Сіз саяси ерік-жігер мен стратегиялық көрегенділік танытып, күрделі түйткілдерді шешудің және келешек ұрпақ тағдыры үшін жауапкершілік арқалаудың парасатты жолын нұсқадыңыз. Екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластық жаңа кезеңнің бастауы ретінде бүкіл аймақтағы және өңірден тысқары ынтымақтастық көкжиегін кеңейткеніне еш күмән жоқ. Біз бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шын жүректен қуанамыз, мықты әрі прогрессивті мемлекет құру жолындағы асқақ мұраттарының орындалуына тілектеспіз. Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының әлеуеті орасан зор. Оны толық іске асыруға еш кедергі жоқ. Оған берік саяси сенім де, ортақ құндылықтарымыз да, ең бастысы, халықтарымызды жақындастыруға деген шынайы ұмтылыс та бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі.

Одан кейін әзірбайжан-қазақ құжаттарымен алмасу болды.

Әзірбайжанның Экономика министрі Микаил Джаббаров пен Қазақстанның Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев арасында «Әзербайжан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім» алмасылды.

Әзірбайжанның энергетика министрі Парвиз Шахбазов пен Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов арасында «Әзербайжан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісім» алмасылды.

Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов арасында «Әзірбайжан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім» алмасылды.

Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Қазақстанның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ирғалиев Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік Статистика комитеті мен Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау агенттігінің арасында Статистика саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы ведомствоаралық меморандуммен алмасты.

Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Әзербайжан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандуммен алмасты.

Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық өзара түсіністік туралы меморандуммен алмасты.

Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен Әзірбайжан көлік-коммуникация холдингі (AZCON) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандуммен алмасты.

Әзербайжан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет көрсету және әлеуметтік инновациялар жөніндегі мемлекеттік агенттігі мен Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі арасындағы Мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы ведомствоаралық меморандумды Әзірбайжанның Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев пен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев алмасты.

Әзербайжан Республикасының Монополияға қарсы бақылау және тұтыну нарығын қадағалау мемлекеттік агенттігі мен Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі арасындағы бәсекелестік саясаты саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы ведомствоаралық меморандумды Әзірбайжанның Экономика министрі Микайил Джаббаров пен Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров алмасты.

Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады.