Қазақстан мен Ресей өкілдері спорт пен туризмді дамыту мәселелерін талқылады

Ресей вице-премьері Дмитрий Чернышенко мен Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің басшысы Ербол Мырзабосынов Мәскеуде спорт пен туризмді одан әрі өзара дамыту мәселелерін талқылау үшін кездесу өткізді.
Қазақстан 5-7 қараша аралығында Самарада өтетін «Ресей – спорт күші» халықаралық спорт форумына қатысады. Ресей үкіметінің хабарлауынша, бұл ұсынысты Ресей вице-премьері Дмитрий Чернышенко Мәскеудегі кездесуде Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа жасады.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ өзара туризм мен спортты дамыту мәселелерін көтеріп, 2026 жылы Астанада өтетін ойындарға дайындықты талқылады.
Владимир Путиннің бастамасымен 2024 жылы Ресейде алғаш рет өткен «Болашақ ойындары» бірегей спорттық шараға айналды. Қазандағы ашылу салтанатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай турнирді Қазақстанда өткізуді ұсынды, деп еске алды вице-премьер.
«Біз қазіргі заманғы спортты дамытуға көрсетілген қолдауды шын жүректен бағалаймыз. Қазақстандық әріптестерімізге бірлескен жұмыстары мен 2026 жылғы «Болашақ ойындарына» көңіл бөлгені үшін алғыс айтамыз. Біз осы ауқымды іс-шараны ұйымдастырудағы көмек көрсетуге және тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Ойындар Қазақстанда үлкен табысқа жететініне сенімдімін», деді Дмитрий Чернышенко
Ербол Мырзабосынов ресейлік әріптесіне Қазақстанның «Болашақ ойындарына» қалай дайындалып жатқанын, соның ішінде оларды дайындауға қаражат бөліп жатқанын, спорт түрлерінің санын келісіп және демеушілермен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтып берді.
Сондай-ақ, тараптар Ресей үкіметінің туризмді үйлестіру орталығының жұмысы бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
