Мемлекет басшысы «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты

0
153

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббты қарсы алу зор мәртебе екенін жеткізді.

Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі. Қазақ-фин бизнес форумының табысты өтуіне тілектеспін. Президент Александр Стуббқа осы өзекті форумды ұйымдастыруға бастама көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Басқосудағы пікірталастар қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Финляндиямен серіктестігіміз шынайы достыққа, өзара түсіністікке, сондай-ақ халықтарымыздың инновация, орнықты даму және өркендеу жолындағы ортақ ұмтылыстарына негізделген, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Финляндия Президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

Президент биылғы үшінші тоқсанда Қазақстан экономикасы 6,3 пайызға артқанын, бұл ірі халықаралық ұйымдардың жаһандық өсім болжамынан шамамен екі есе артық екенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады деп күтілуде.

Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД, тіпті одан тысқары елдер арасында бірінші орынға ие. Дегенмен бұл көрсеткіш Финляндиядан үш есе төмен. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 140 миллиард доллардан асты. Бұл да осы аймақтағы ең жоғары нәтиже саналады. Негізгі серіктесіміз – Еуропа Одағымен өзара сауда көлемі 50 миллиард долларға жуықтады. Шағын және орта кәсіпорындар ұлттық дамудың іргетасы болып отыр. Экономикадағы оның үлесі шамамен 40 пайызды құрады. Біз бұл прогреске экономикада, сонымен бірге саясатта кешенді реформалар жүргізу арқылы толық қолдау көрсетіп отырмыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» стратегиялық қағидаты – еліміздің саяси бағытының негізгі өзегі. Бұл 2027 жылы жалпыұлттық референдум барысында қабылданатын конституциялық реформалардан кейін де Қазақстанның президенттік республика болып қала беретінін көрсетеді. Сәйкесінше, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы ішкі саясатымыздың басты бағдарына айналды. Заң үстемдігі экономикалық реформаларды табысты жүргізуге және кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті жағдай жасайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы UNCTAD мәліметі бойынша, кейінгі бір жылда теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында жаңа жобаларға салынған барлық инвестицияның 80 пайызға жуығы Қазақстанға тартылғанын, еліміздің үлесіне құны 1 миллиард доллардан асатын жобалардың бестен бір бөлігі тиесілі екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті салаларына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін еліміз Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын белсенді түрде жаңғыртып жатқанына тоқталды. Жылына 240 мың контейнер өткізу мүмкіндігі бар Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының алғашқы кезеңін биыл аяқтау жоспарланған.

Біз тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа бағыты болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атом қуатын еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі санайды. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай әлемде уранға сұраныс 28 пайызға өседі, ал 2040 жылға қарай екі есе артады.

Мемлекет басшысы елімізде инновациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр энергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген Финляндияның Wärtsilä компаниясына алғыс айтты. Президент Қазақстанда энергияның дәстүрлі көздерінен бөлек, пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін атап өтті. Олардың көбі әлі игерілмеген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Жыл сайын жаһандық нарыққа 10 миллион тоннаға жуық бидай және 2 миллион тонна ұн жеткізіп, әлемдегі ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді.

Президент жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, бизнес форум қатысушыларына Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуды мақсат еткенін мәлімдеді.

Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті.