Қазақстан мен Ресей өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді

0
58

Ресей мен Қазақстан өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, екі ел арасындағы ынтымақтастық қазіргі уақытта химия және мұнай-химия өнеркәсібі, автомобиль жасау және ауыл шаруашылығы техникасы салаларында белсенді дамып келеді. Бұл туралы Ресей Өнеркәсіп және сауда министрлігінің сайтында хабарланды.

Дүйсенбі, 27 қазанда Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алиханов Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевпен кездесті.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы екі ел кәсіпорындары арасындағы серіктестікті нығайту және Еуразиялық қаржылық қолдау механизмін пайдалана отырып, бірлескен жобаларды кеңейту болды.

Антон Алихановтың айтуынша, Өнеркәсіп және сауда министрлігі бақылайтын және қолдайтын бастамалардың қазіргі портфолиосына «175 жоба кіреді, оның 113-і іске асырылды, ал 62 жоба іске асыру және әзірлеу сатысында».

Ынтымақтастық стратегиялық салаларда: химия және мұнай-химия өнеркәсібі, автомобиль жасау және ауыл шаруашылығы техникасы салаларында белсенді дамып келеді.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі өз кезегінде екі мемлекет басшылары өзара сауда айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру бойынша ауқымды мақсат қойғанын еске салды. Бұл мақсатқа жету үшін инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, өзара қолдау көрсету және өнеркәсіптік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын, оның ішінде кооперациялық байланыстарды дамыту мен өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету мәселелерін талқылады.

Қос тарап әсіресе автомобиль өндірісі, теміржол машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары өндірісі сияқты салалардағы өнеркәсіптік кооперацияның басты жобаларын іске асыру мәселесіне ерекше тоқталды.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперация шеңберінде құны 56,6 млрд АҚШ доллары болатын 175 жоба жүзеге асып жатыр. Бұл 64 мыңнан астам жаңа жұмыс орны деген сөз.

Тараптар өнеркәсіптік әріптестікті нығайту, өндірістік тізбектерді дамыту және екі ел бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу бағытындағы белсенді жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.