Мемлекет басшысы XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

0
50

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы басқосу тақырыбы «Жұмысшы мамандықтар – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналды.

Мемлекет басшысы аталған бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жататынын атап өтті. Президенттің айтуынша, мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады.

– Сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге 9 миллиардқа жуық инвестиция құйды. Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді. Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев форумның тарихи-мәдени мұраға бай, индустриялық әлеуеті зор Орал қаласында ұйымдастырылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды. Орал шаһары ғасырлар бойы халықтарымыздың бірлігін бекемдеуге дәнекер болып келеді.

– Форум тақырыбының мәні ерекше. Өйткені жұмысшы мамандық иелері шын мәнінде елдеріміздің экономикалық өрлеуіне үлкен үлес қосады. Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл бастаманы қорытындылаймыз. Жұмысшы мамандарды жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық. Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Жасанды интеллект технологиясының кеңінен енуі, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын қазірдің өзінде түбегейлі өзгерте бастағанына куәміз. Өркениет көші еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдыларды меңгеруі Қазақстанда, сондай-ақ Ресейде өнеркәсіп өсіміне және технологиялық жаңғыруға негіз болып отырғанына тоқталды. Мұны қазақстандықтар да, ресейліктер де жақсы біледі.

– Жақында елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негізі бекітілді. Ең озық технологияларды пайдалану машина жасау, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және экономиканың басқа да салаларына кадр даярлаудың маңызды бөлігіне айналды. Қазақстан «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен бірінші атом электр стансасының құрылысына кірісті. Технологиялық әрі ғылыми тұрғыдан күрделі бұл жобаны табысты жүзеге асыру жоғары санатты кәсіби мамандарға тікелей байланысты. АЭС құрылысына алты мыңға жуық жұмысшы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады. Сонымен қатар бейінді мамандарға сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие. Біз бұл мәселені шешуде ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. 2022 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының ашылуы – соның айқын дәлелі. Жақында МИФИ ректорын қабылдап, оның өтінішімен оқытушылардың және ғалымдардың жұмыс жағдайын жақсарту жөнінде тапсырма бердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдеріміздің білім саласындағы ынтымақтастығы туралы сөз қозғай отырып, қазақтың ұлы ойшылының ұлағатты сөзін мысалға келтірді.

– Ұлы Абай: «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деп жазған болатын. Әрине, қазір заман басқа. Бірақ ұлы Абайдың сөзі әлі де өзекті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты. Содан соң Президент форум қатысушыларына елімізде ақысыз негізде техникалық және кәсіптік білім беру жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді.

Өз кезегінде Ресей Президенті Оралда өтіп жатқан форум аясында өңірлер арасында ондаған жаңа келісім мен меморандумға, коммерциялық келісімшартқа қол қойылғанын атап өтті. Бұл Ресей мен Қазақстан аймақтарының тығыз ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.

– Келесі форум 2026 жылы Қазан қаласында ұйымдастырылады. Біз Қазақстан делегациясын осы шараға қатысуға шақырамыз. Екі ел аймақтарының білім беру мен кадр даярлау салаларында ғана емес, экономикалық және әлеуметтік өмірдің басқа да бағыттарында ықпалдастық орнатуына мүмкіндік мол. Ресей мен Қазақстанның өңірлері бұрынғыдай жұмылып жұмыс атқаратынына сенімім кәміл. Бұл ретте өңірлеріміз тікелей, сондай-ақ түрлі деңгейде жолға қойылған кең ауқымды байланыстарға арқа сүйеп, Ресей мен Қазақстанның серіктестік және одақтастық қатынастарын одан әрі өркендетуге салмақты үлес қоса алады, – деді Владимир Путин.