Венесуэла басшысы Николас Мадуро жұбайымен бірге ұсталды

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла аумағында «ірі соққы операциясы» жүргізілгенін мәлімдеп, ел басшысы Николас Мадуро жұбайымен бірге ұсталып, Венесуэладан шығарылғанын жазды.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті.
Трамптың айтуынша, операция АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асқан. Ол толық ақпаратты кейінірек — Флоридадағы Мар-а-Лаго жеке резиденциясында өтетін баспасөз мәслихатында жариялайтынын жеткізді. Мәслихат Вашингтон уақытымен 11:00-де (Астана уақытымен 21:00) өтпек.
CBS News ресми тұлғаларға сүйене отырып, Мадуроны ұстау операциясын АҚШ армиясының арнайы мақсаттағы элита бөлімшесі — Delta Force әскери қызметкерлері жүргізгенін жазады.
Осы тұста Николас Мадуроның Instagram-парақшасындағы соңғы жазба шамамен 9 сағат бұрын жарияланғаны атап өтіледі. Онда Венесуэла президенті Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Латын Америкасы мен Кариб бассейні жөніндегі арнайы өкілі Цю Сяоцимен кездескенін хабарлаған. Сонымен қатар, саясаткер жуырда Instagram стористер де жариялаған. Соңғы жазба астындағы пікірлерде бір бөлігі Мадуроны қолдаса, енді біреулері АҚШ соққыларынан кейін оның қайда кеткенін сұрай бастаған. Трамп мәлімдемесіне дейін Мадуроның нақты қайда екені туралы ресми ақпарат болмағаны айтылады.
