Қазақстандық май өндірушілер Эстонияға 5 млн доллар көлемінде өнім жеткізеді

0
40

Отандық май өнім өндірушілері экспортты Еуропа Одағы елдеріне кеңейтуде.
2026 жылғы Gulfood халықаралық азық-түлік және сусындар көрмесі аясында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы мен эстондық Aktsiaselts Letofin компаниясы арасындағы ынтымақтастық меморандумыға қол қойылды.

Құжат Қазақстанның май өнімдерін кемінде 5 млн АҚШ доллары көлемінде сатып алуды көздейді, бұл Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуда маңызды қадам болады.

Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының президенті Ядыкар Ибраһимовтың айтуынша, отандық май өнімдері Еуропа нарығында сенімді түрде ұсынылған.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Еуропа Одағында күнбағыс шротын экспорттау көлемі бойынша үшінші орын алады. Қол қойылған келісім тек жеткізілімдерді арттыруға ғана емес, сонымен қатар бүкіл саланың экспорттық әлеуетін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді», — деді ол.

Қауымдастық басшысы сонымен қатар Парсы шығанағы елдерінің Қазақстан өнімдеріне, әсіресе премиум деңгейдегі бөтелкеленген күнбағыс майына жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылы бірнеше май зауыты өнімді тазалау және қаптау бойынша жаңа желілерді іске қосуды жоспарлап отыр, бұл экспортқа бағытталған брендтерді жасауға және қосымша нарықтық сегменттерді игеруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның басқа да нарықтағы экспорт потенциалы артуда. 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 15 қаңтарға дейін жаңа астық экспорты 5,1 млн тоннаны құраған.
Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде экспорт көлемі 4,3 млн тонна болған. Осылайша, астықты сыртқы нарықтарға жеткізудің айтарлықтай өскені байқалып отыр.

Қарқынды өсім экспорттың негізгі бағыттары бойынша жоғары деңгей көрсетті. Мысалы, Өзбекстанға астық жеткізу — 1 670 мың тоннадан 2 341 мың тоннаға дейін, 40,2%-ға, Қырғызстанға 85 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін, яғни 76,5%-ға өсті.
Ауғанстан бойынша да астық экспорты 71,6%-ға артып, 204 мың тоннадан 350 мың тоннаға жетті.

Жалпы, астық экспортының көлемінің артуы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені әлеуетінің жоғары екенін, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және дәстүрлі әрі жаңа нарықтарда қазақстандық астыққа сұраныстың тұрақты екенін дәлелдейді.