Ақша айырбастау пунктерінде доллар бағамы 460 теңгеден төмен түсті

Сағат 11:00-дегі жағдай бойынша Астананың ақша айырбастау пунктерінде доллар орта есеппен 464 теңгеден сатылып, 457 теңгеден сатып алынып жатыр. Алматыда америкалық валютаның сату бағасы 460 теңге болса, сатып алу орта есеппен 457 теңгеге тең.
Айта кетейік, 6 сәуірде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа өлшемді бағамы 466,33 теңге болып, 4,07 теңгеге төмендеді.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ұлттық валютаның неге нығайып жатқанын түсіндірді: еліміздің негізгі экспорттық тауары — мұнайдың (экспорттық түсімнің 50 пайыздан астамы) бағасы өсіп жатыр, бұл нарықтағы валюта ұсынысын арттырады. Соның салдарынан доллар бағамы құлдырады.
Сүлейменов Ұлттық банктің инвестициялық кеңес бермейтінін, ал қазақстандық теңгенің өз тұрақтылығын дәлелдегенін атап өтті. Былтырғы қорытынды бойынша теңге жоғары табыстылық көрсетіп, тәуекел мен табыс арақатынасы тұрғысынан әлемдегі ең тартымды валюталардың бірі ретінде танылып, инвестиция тартып жатыр.
Бұған дейін Ұлттық банк теңге бағамының қазіргі динамикасы 2026 жылдың басынан бері жалғасып келе жатқан ұлттық валютаның нығаюын көрсететінін түсіндірді. Ақпанда бұл үрдіс айтарлықтай қарқын алды. Ұлттық банк мәліметінше, валютаның нығаюы объективті нарықтық факторларға негізделген, ол жекелеген сыртқы оқиғаларға берілген қысқа мерзімді реакция емес.
Ұлттық банк өкілдері икемді айырбас бағамы режимін ұстану жалғасатынын, бұл теңгерімсіздіктің алдын алып, алтын-валюта қорын сақтауға көмектесетінін айтты.
