Мәжіліс депутаттары Qazaq Digital Mektebi жобасының перспективаларын талқылады

0
51

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Qazaq Digital Mektebi шағын жинақты мектеп моделін қалыптастырудың негізгі тәсілдері және «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының құқықтық нормаларының орындалуы» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Оқу-ағарту министрлігінің, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері, Алматы облысы әкімдігінің, сондай-ақ білім беру саласындағы сарапшылар қатысты.

Отырысты жүргізген Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Нұргүл Тау ауыл мектептерін дамыту мәселесі ел болашағымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл бастама ауылдық жерлердегі білім беру сапасын арттыруға және оқушылар үшін тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған.

– Бүгін біз Qazaq Digital Mektebi-нің болашағы туралы ғана емес, сонымен қатар еліміздің, әсіресе ауылдық жерлердің келешегі туралы да айтып отырмыз. Өйткені ауыл мектебі – жай ғана білім беру ұйымы емес. Ол ауылдың сақталуына, жастардың елді мекенде қалуына және өңірдің дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық институт, – деді Нұргүл Тау.

Комитет хатшысы Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні елдің жаңа даму драйверлерінің бірі ретінде бірнеше рет атап өткенін еске салып, бұл мүмкіндіктер ең алдымен ауыл баласының сапалы білім алуына қызмет етуге тиіс екеніне назар аударды. Ол Финляндия, Австралия және Канададағы цифрлық білім беру тәжірибелеріне тоқталып, цифрландырудың мақсаты мектептердің мүмкіндігін кеңейту екенін жеткізді.

Сонымен қатар Нұргүл Тау Qazaq Digital Mektebi жобасы қыркүйек айында еліміздің жеті облысында пилоттық режимде іске қосылатынын айтты. Оның пікірінше, жобаны жүзеге асыруда тең мүмкіндік, мұғалім әлеуетін күшейту және деректерге негізделген басқару қағидаттары басшылыққа алынуы қажет.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өңірдегі білім беру саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады.

Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу барысы жайлы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова баяндама жасады.

– Инфрақұрылым және ұйымдастыру шараларының іске асырылғанына қарамастан, орта білім беру жүйесінде қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы сақталуда. Бұл өз кезегінде тең мүмкіндіктер мен елдің адами капиталын қалыптастыруға тікелей әсер етеді, – деді Майра Мелдебекова.

Вице-министрдің айтуынша, пилоттық жоба шеңберінде интернет инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген 500 шағын жинақты ауыл мектебін қамту жоспарланған. Жоба аясында қазақ тілі, математика, физика, химия, биология, информатика және ағылшын тілі пәндері бойынша 4-11 сынып оқушыларына ерекше назар аударылады.

Майра Мелдебекова жобаны іске асыру үш кезеңнен тұратынын атап өтті. Алғашқы кезеңде инфрақұрылымдық және кадрлық дайындық жүргізілсе, екінші кезеңде негізгі пәндер бойынша пилоттық оқыту ұйымдастырылады. Үшінші кезеңде жобаның тиімділігі бағаланып, республикалық деңгейде ауқымдау мәселесі қарастырылады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті төрағасының орынбасары Мирас Закиев білім беру саласындағы цифрлық трансформацияның маңызына тоқталды.

– Бүгінде жасанды интеллект саласындағы адами капиталды дамыту экономиканың тұрақты өсуі мен елдің технологиялық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Осыған байланысты Қазақстан оқушылары үшін заманауи цифрлық білім беру экожүйесін қалыптастыруға бағытталған Qazaq Digital Mektebi бастамасының маңызы ерекше, – деді Мирас Закиев.

Ол Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында іске қосылған TUMO Astana орталығының жұмысына тоқталып, жоба жасөспірімдердің бағдарламалау, дизайн, цифрлық шығармашылық және генеративті жасанды интеллект бағыттарында тегін білім алуына мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сонымен қатар баяндамашы оқушылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған. Ал 2026 жылы аталған халықаралық олимпиада Астана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Талқылау барысында қатысушылар ауыл мектептеріндегі интернет сапасын арттыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, педагогтердің біліктілігін жетілдіру, қазақ тіліндегі цифрлық білім беру контентін әзірлеу, ауылдық жерлердегі ұялы байланыс сапасын жақсарту, инклюзивті білім беруге арналған арнайы кабинеттермен қамтамасыз ету, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жасалған жағдайлар, сондай-ақ аутизм орталықтарын ашу және олардың қызметін кеңейту мәселелерін көтерді.