Премьер-министр «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының отырысын өткізді

0
35

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуропа елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары, ірі шетелдік бизнес-қауымдастықтар мен компаниялардың өкілдері қатысуымен «Қазақстан – Еуропалық Одақ» диалог платформасының 19-шы отырысын өткізді. Жиында инвестициялық ахуалдың өзекті мәселелері, техникалық стандарттар мен реттеуші тәсілдерді үйлестіру, кедендік әкімшілендіру, сондай-ақ геологиялық барлау және аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Кейінгі жылдары Еуропалық Одақпен ынтымақтастық тұрақты оң серпін көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы $45,2 млрд-ты құрады. 2026 жылдың алғашқы төрт айында өзара сауда көлемі $12,4 млрд-қа жетті, бұл ретте қазақстандық экспорт $9,27 млрд-ты құрады. Шикізаттық емес сектор сапалық өсім көрсетеді, атап айтқанда, отандық ауыл шаруашылығы өнімінің ЕО елдеріне экспорты 34,3%-ға артып, $266,2 млн-ды құрады.

Отырысты ашқан Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерге тоқталды. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Қазақстан экономиканы сапалы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Үкімет қызметінің басым бағыттарының бірі – инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, проактивті инвестициялық саясат жүзеге асырылып, 2030 жылға дейінгі тұжырымдама өзектендірілді. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар тарту үшін Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде. Сонымен қатар Kazakh Invest компаниясының халықаралық қатысуы кеңейтілуде, Kazakhstan Investment House инвесторларды сүйемелдеудің бірыңғай орталығы құрылуда. Бас прокуратура жанынан бизнесті қорғауды күшейту үшін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жұмыс істейді, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдинг ретінде қайта құрылды.

Олжас Бектенов Қазақстан ашықтық, болжамдылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген инвестициялық саясатты дәйекті түрде жүргізіп отырғанын және шетелдік серіктестермен сындарлы диалогті дамытуға бейілді екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. бүгінде біздің әріптестігіміз қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы саудасының 30%-дан астамы Еуропалық Одақтың үлесіне тиесілі. Еліміздің экономикасына құйылған еуропалық инвестициялардың жиынтық көлемі $200 млрд-тан асты. Бұл көрсеткіштер елдеріміз арасындағы өзара экономикалық қызығушылықтың жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік, өнеркәсіп кооперациясы және көлік байланысын дамыту мәселелерінде Еуропалық Одақтың сенімді әрі болжамды серіктесі болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға назар аударылды. Биылғы бес айда маршрут бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 69%-ға, ал көлік құралдарының саны 38%-ға өскен. Қазақстан Орта дәлізді Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр және Global Gateway бастамасын одан әрі ілгерілетуге мүдделі. Қазақстандық тарап, сондай-ақ визалық режимді оңайлату бойынша диалогті ілгерілетуді де жақтайды.

Отырыс барысында Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алешка Симкич, Германия істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл Ульрих Кинне, Қазақстанның Еуропалық бизнес-ассоциациясы (EUROBAK) төрағасының орынбасары Диас Асанов, Confindustria-ның Орталық Азия мен Кавказ бойынша бас директоры Ливио Маццуокколо және Xcalibur Smart Mapping компаниясының басқарушы директоры Саид Сұлтановтар баяндама жасап, ұсыныстарын айтты.

Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алешка Симкич зияткерлік меншік құқықтарын, фармацевтикалық зерттеулер деректерін қорғау жөніндегі нормаларды қолдану, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, техникалық регламенттерді біркелкі пайдалану және реттеуші ортаның ашықтығын одан әрі арттыру тақырыптарын қозғады.

Германия істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл Ульрих Кинне өз сөзінде техникалық стандарттарды жоспарлы үйлестіру арқылы экономикалық қатынастарды кеңейту және тереңдету мәселесін көтерді. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін техникалық реттеу, стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы тәсілдерді одан әрі жақындастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшыларына өзара тиімді шешімдер қабылдау үшін әрбір мәселе бойынша еуропалық серіктестермен екіжақты консультациялар өткізуді тапсырды. Қазақстан Үкіметі еуропалық бизнес-қоғамдастықпен барынша ашық, айқын және сындарлы диалогті қолдауға бағытталған және жаңа серпінді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.