Сенат Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген рақымшылық туралы заңды мақұлдады

0
32

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар салалық заңдарды қарап, халықаралық келісімдерді ратификациялады.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі және құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Отырыста депутаттар бірқатар халықаралық келісімді де ратификациялады. Олардың қатарында «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының ескертпесін және мәлімдемесін алып тастау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар бар. Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму саласындағы мақсаттар жөніндегі өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Бұл құжаттар Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның қажеттіліктеріне бағдарланған орнықты даму, климаттық тұрақтылық, инклюзивті экономикалық өсу, әлеуметтік саясат және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы бірлескен бағдарламаларды іске асыру үшін құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Күн тәртібіндегі келесі мәселелер газбен жабдықтау және электр энергетикасы, цифрландыру және дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу, жануарлар дүниесі, орман, аңшылық және бал арасы шаруашылығы салаларына қатысты заңдар болды.

Соның ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау үшін пайдаланылатын сұйытылған мұнай газының бағасын мемлекеттік реттеу, пайдаланылмаған фракцияларды өндірушілерге қайтару арқылы сұйытылған мұнай газын тарату тетіктерін жетілдіру және гидроаккумуляциялық электр стансаларын салу үшін инвестициялар тарту мәселелері қарастырылған.

Сонымен қатар депутаттар қараған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға арналған түзетулерді қамтиды.

Отырыс барысында сенаторлар бастамашы болған, машина жасау саласын қолдауға бағытталған заңға баса мән берілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне машина жасауды дамыту және көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң автомобиль өнеркәсібін дамыту, салалық кластерлер құру, арнайы экономикалық мен индустриялық аймақтарды дамыту, сондай-ақ, дуальды білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі маңызды шараларды көздейді.

Сенат отырысында басқа да заңдар қаралып, мақұлданды. Олардың қатарында көлік саласына озық технологияларды белсенді енгізуге, жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыруға, жүргізушілерді даярлау сапасын арттыруға және ұлттық киберқауіпсіздікті нығайтуға арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бар.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және бал ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды да мақұлдады. Олар тиісті салалардың қызметін жетілдіруге бағытталған.

Жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аңшылық қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту мақсатымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қаралып, мақұлданды. Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйелерін орнату және пайдалану жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін жаңа баппен толықтырылды. Бұл шара өнеркәсіптік шығарындыларға ашық және үздіксіз бақылау жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.