Түркістан облысында жайылымдық жер үлесі 1 млн гектардан асты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жайылымдық жерлерге мұқтаждығын ескеріп, пайдаға аспай жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару қажеттігін айтқан болатын. Аталған тапсырма аясында былтыр Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Мәселен, Түркістан облысы бойынша жайылым жер көлемі өткен жылдың қорытындысымен 1 млн 34,8 мың гектарға жетті. Оның ішінде мемлекет меншігіне қайтару жолымен 412,2 гектар, ірі жер пайдаланушылармен меморандум арқылы 622,6 мың гектар ортақ пайдаланымға өтіп отыр.
Нақтырақ айтқанда, Бәйдібек ауданында – 161,2 мың гектар, Қазығұрт ауданында – 75,2 мың гектар, Ордабасы ауданында – 46,8 мың гектар, Отырар ауданында – 166,5 мың гектар, Сайрам ауданында – 14,8 мың гектар, Келес ауданында – 80,6 мың гектар, Сарыағаш ауданында – 83 мың гектар, Төлеби ауданында – 19,6 мың гектар, Түлкібас ауданында – 32,3 мың гектар, Шардара ауданында – 132,6 мың гектар, Сауран ауданында – 120,4 мың гектар, Арыс қаласында – 87,3мың гектар, Кентау қаласында 14,5 мың гектар жер жайылым үлесіне өтті.