Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Төлеби ауданында оқу-жаттығу жиынын өткізуде

0
191
Қазіргі таңда бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Түркістан облысы, Төлеби ауданында орналасқан «Алма-Тау» базасында әлем чемпионаты алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Мұнда ел құрамасының боксшылары 6 мемлекет өкілдерінің қатысуымен біріккен жаттығу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибелерін арттырып жатыр. Жиынға Армения, Аустралия, Тәжікстан, Филиппин, Грузин елдерінің құрамалары қатысуда.
Бас бапкер Мырзағали Айтжанов әлем чемпионатына қатысатын боксшылардың есімін атағаннан кейін, ақсақалдар батасын беріп, Қазақстан бокс федерациясының басшылығы өз тарапынан бағыт-бағдар мен нұсқауларын жасады.
Ташкентте өтетін әлем чемпионатына қатысатын құрамға тоқталсақ, олар: Санжар Тәшкенбай (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қонқабаев (+92 кг).
Белградта өткен соңғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 5 медаль (2/2/1) иеленген болатын. Сербия астанасындағы жаһан біріншілігінің 3 бірдей финалисі (әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, күміс жүлдегерлер – Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов) Ташкент шаршы алаңында өнер көрсетеді.
Әлем чемпионатының басталуына тура бір апта қалды. Жарыс 1-14 мамыр аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар біріншілікке 104 елден 600-ден аса былғары қолғап шебері қатысады деп отыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алтын медаль иегеріне 200 000 АҚШ долларын, екінші орын алған боксшыға 100 000 және екі қола жүлдегерге 50 000 АҚШ долларынан береді. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн. АҚШ долларын құрайды.
Еске сала кетсек, боксшылар додасының тікелей трансляциялары «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының эфирінен көрсетіледі.