Түркістан облысында 15 мыңнан астам жас колледжге тегін оқуға түсті

Түркістан облысы әкімдігінде 2023-2024 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық жасап, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде 2023-2024 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта қарау, мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын ұйымдарының тізбесін анықтау мәселесі қаралды. Сонымен бірге мемлекеттік гранттарды білім беру ұйымдарына үйлестіру жөніндегі түйткілдер де тарқатылды.
– Комиссияның хаттамалық шешімімен 70 мамандық бойынша жалпы 15300 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген болатын. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары тарапынан аталған мемлекеттік тапсырыс орындалып отыр. Бұл ретте биыл ұйымдастыру жұмыстарының жаңаша тәсілде жүргізілгенін айта кеткен жөн. Облыс аумағындағы «Жастар ресурстық орталықтарының» мамандары ауылдарды, қалаларды түгел аралап, мемлекеттік бағдарламалар, тегін оқу гранттары туралы ақпарат берді. Нәтижесінде мемлекеттік гранттар толық игерілді. Олардың арасында NEET санатындағы жастар да бар. Енді оқу сапасын жақсарту, қоғамға қажетті мамандықтарды анықтап, келесі оқу жылында гранттарды келесі сол салаларға бағыттау жолдарын қарастыру қажет – деді Бейсен Тәжібаев.