Келестік көпбалалы ана тігін цехын ашқан

Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны Гүлзат Есалиева бала тәрбиесімен қатар кәсіпкерлікті қатар алып жүрген жандардың бірі. Бүгінде 5 баланы тәрбиелеп отырған Гүлзат Тағайбекқызы жолдасы екеуі №40 Ғ.Мұратбаев мектебінің мұғалімдері. Жеке қызығушылығының арқасында тігін цехын ашып, қосымша кәсіпті дөңгелетіп отыр.
— Өз ауылымыздың әлеуетен көтеріп, экономикасын дамыту мақсатында тігін цехын ашуды жоспарлап, бүгінде ойымызды іске асырдық. Жұмысқа 12 жергілікті ауылдастарымызды қабылдадық. Кәсібімізді «ABDET – KZ» ЖШС ретінде тіркеп, бүгінде мемлекеттік портал арқылы тапсырыс қабылдаймыз. Негізгі өнім – жалюзи өндіру. Биылғы жылдың қыркүйек айында «Қазақстанда жасалған өнім» сертификатына ие болдық, — дейді кәсіпкер Гүлзат Тағайбекқызы.
Кәсіпкер бұл бастаманы бастамас бұрын нарықты жан-жақты зерттеген. Түркістан облысы мен Шымкент қалалары аумағында дәл осы кәсіппен айналысатындар болғанымен, отандық өнім өндіруші ретінде мемлекеттік порталға тіркелгендері аз болған. Нәтижесінде өткен бір айдың ішінде 40 млн теңгеге тапсырыс алып үлгерген. Кәсіпкер ана алдағы уақытта жұмысшылар санын көбейтіп, арнайы жұмыс киімдері, киім-кешек, қолғап, шұлық секілді қосымша заттарды өндіруді жоспарлауда.