Көрпаршылардың мерейі үстем болды

Көкпар – ежелдан келе жатқан қазақтың ұлттық ойыны, ол Қазақстанда кең тараған ұлттық ойындардың бірі. Бір қызығы, Түркістан облысы шынымен де бұл ойынға деген қызығушылығымен танымал және оны ойнаудың бай тарихы бар. Бұл аймақта көптеген көкпар турнирлері мен жарыстары өтіп тұрады, жергілікті тұрғындарды да, басқа аймақтардан келген қонақтарды да тартады. Түркістан облысы Қазақстандағы көкпар орталықтарының бірі деуге әбден болады.
Сан ғасырдан бері ата салтымызға сіңісіп кеткен, ұлттық спортымыздың бір түрі көкпар ойынының көкжиегін кеңейтіп, жас ұрпақты намысшыл, отансүйгіш, қайратты етіп тәрбиелеуде ат салысып, өңірде көкпардың жан-жақты дамуына үлес қосқаны үшін «Тұран тұғыры – 2023» Түркістан облыстық ұлттық сыйлығының «Үздік аудан» номинациясын Қазығұрт ауданы иемденді.
Қазығұрт аудандық Көкпар федерациясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Мәуленов Мақсатбай Арапбайұлы аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың қабылдауында арнайы болып, айтулы номинацияны салтанатты түрде табыстады. Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы, мұның баршасы аудан тұрғындары мен көкпар сүйер қауымның ортақ жеңісі екенін тілге тиек етіп, ұлттық спортты дамыту жолында бірге жұмыс жасауға шақырды. Жастарды осы ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқару қажеттігін тілге тиек етті. Ол үшін барлық жағдайды жасауға уәде берді.
Көкпар – қазақтың делебесін қоздырып, дегбірін алатын дода екеніне шүбә келтіре алмайсың. Көкпар десе айшылық алыс жерлерден арнайы ат терлетіп келетіндер баршылық. Көкпарда айқайлап, қиқулап қолдау білдіретін көкпарсүйер қауымның орны бір бөлек. Бұдан бөлек, көкпар аттарын дайындау да өз алдына бір өнер. Бүгінде Түркістан облысында көкпар аттарының саудасы үлкен бизнеске айналған. Ұзаққа шабатын, кеудесі зор көкпар аттарының алды 2-3 миллион теңге тұрады. Расында ұлттық өнерді өшірмей, өрісін кеңейтіп келе жатқан осындай көкпарсүйер қауым болса керек.
Аталмыш ойынның шығу тарихы жөнінде зерттеушілер түрлі пікір білдіреді. Олардың айтуынша, көкпар әуелде әскери машықтық қажетінен туған. Жаугершілік заманда ат үстінде алып ұратындай түрлі тәсілдерді меңгеру қажет-ақ болған. Мұндай серкені көтеру үшін сайыскерде қайрат, астындағы пырағында соған сәйкес күш болуы қажет. Зерттеушілердің пайымдауынша, ат үстінде шыныққан жігіт денсаулығы мықты, батыл, ержүрек болып өседі. Сонымен қатар оның бойында намыс пен ұлттық рух қалыптасатын көрінеді. Өзге малдың терісі жыртылғыш, тартысқа шыдамсыз келетіндіктен көкпарға берік, ұстауға ыңғайлы болғандықтан көп жағдайда серке тартылады. Бүгінде Түркістан облысында көкпар спортынан мықты командалар баршылық. Әр аудан бойынша арнайы команда жасақталған. Кіл мықтылардан құралған командалар халықаралық жарыстарға да қатысып жүр. Биыл қазығұрттықтардың қанжығасы майланды. Бұл да үлкен мәртебе екендігі сөзсіз.