Футзалдан біріншілік басталды

Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған футзалдан «Bekzat CUP» чемпионаты басталды. Бекзат Саттарханов қазақтың көрнекті спортшысы, Сиднейдегі Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері болды. Оның жетістіктері мен Қазақстан спортының дамуына қосқан үлесі үшін 1-дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. Bekzat CUP чемпионаты Бекзат Саттархановты еске алу үшін ғана емес, сонымен қатар футбол командалары мен спортшыларды бәсекелестік пен спорттық рухта біріктірудің тамаша мүмкіндігі болып табылады. Чемпионатқа қатысушылар барынша дайындықпен келген. Чемпионатқа арнайы келген боксшының анасы біраз естеліктерімен бөлісті.
Жарыстың ашылуына қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, шараға арнайы келген Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова ұлы жайлы естеліктер айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. «Бекзат 15 жасында өзінен үлкен Мақсат ағасына еліктеп, ауылда ашылған бокс секциясына барды. Екі ай қатысып, Кубок-1995 жарысында жеңімпаз атанды. Екі айда ол чемпион атанды. Ал бес жылдан соң Олипиада чемпионы атанды. Онымен бірге қатысқан біраз бала спортты тастап кетті. Біз Бекзатқа «боксты қой» деп айта алмадық», — дейді чемпионның анасы — Сырлыгүл Шойбекова.
Бекзат Саттархановтың анасы чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Додаға жалпы саны 26 команда қатысып отыр. Аталған жарыс жыл сайын қолға алынып, бүгінде дәстүрлі түрде өтетін біріншілікке айналған. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Жеңімпаздар чемпионат аяқталған соң белгілі болмақ.