БАЛЫҚ ӨСІРУДІҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫН МЕҢГЕРМЕК

0
69

Республикадағы өңірлердің экономикалық қуаттылығының артуы облыстағы қалалар мен аудан орталықтарында ғана емес әрбір ауылда кәсіпкерлікті жолға қою, ауыл тұрғындарын жеке кәсіпке баулу, жұмыспен қамтуға да байланысты. Тұрғындарының басым бөлігі ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысында мемлекеттің ауылға арналған бағдарламаларымен, облыс әкімінің ауылды дамытуға арналған жобаларын жүзеге асыруға бағытталған.
Түлкібас ауданында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артып келеді. Ақбиік ауылында орналасқан «Али студия» жеке кәсіпкерлігі дәл осы кәсіп түріне қызығушылық танытқан. Шаруа жасанды екі тоған жасап, қазіргі таңда тоғанға 5 мың дана форель балығының шабағын жіберген.
Алдағы уақытта екінші тоғанға сазан балығының шабақтарын жіберуді көздеуде. Шаруа жалпы аумағы 1 гектар тоған аумағын абаттандырып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасамақ. Алғашқы өнімін биыл күз айларында саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, шаруа иесі мұнымен тоқтап қалмай балық ұрығын өсіретін технологияны меңгеруді жоспарлап отыр. Бұл технологияны ендірсе ол балық ұрығын өзінің өндіруіне мүмкіндігі болады.
Бұл ауданның басқа өңірлерден ерекшелігі – бұлақ көздерінен шыққан судың молдығы. Ал су көздерінің мол болуы аудан аумағында балық шаруашылығын дамытуға, балықтың көптеген түрлерін өсіруге мүмкіндік береді. Сол себептен тамақтандыру орындарында үлкен сұранысқа ие балықтың түрін көбейтіп мол табысқа жетуге болады.
Сол сияқты Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде Ибата елді мекенінінің тұрғыны Жасур Муминов та балық шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Бұл азамат өз кәсібін 2023 жылы мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен бастаған. Кәсіпкер бағдарламамен 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге қаржы алған. Бүгінгі таңда 240 шаршы метр жердегі 4 бассейнде балықтың «форель» түрін өсіруде. Ол жарты жылда 2 тонна, ал жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Мұнда 4 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта шаруа кәсібін кеңейтуды жоспарлауда.