ИНВЕСТИЦИЯ –ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛ

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі сыртқы және ішкі инвестиция тартуға байланысты. Сондықтан да Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвестиция тарту мәселесіне үнемі көңіл бөліп келеді. Маусым айында облыс әкімі Түркістанға келген Корея халықаралық сауда қауымдастығының басқарма төрағасы Юн Джин Сикпен арнайы кездесті. Кореяның ең алпауыт компанияларының басын біріктіріп отырған KITA қауымдастығының төрағасы мен Түркістан облысының әкімі келіссөз барысында өздерінің инвестициялық әлеуеттерін таныстырып, екі жаққа да тиімді инвестициялық жобалар жайында сөйлесті. Облыс әкімі:
– Қазіргі уақытта облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, бизнесті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалған. Аймақта 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Аталған алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады, — дей келіп Корея Республикасының инвесторларымен фармацевтика, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында әріптестік орнатып, кәсіпорындар ашуға дайын екендігін атап айтты. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар мен шешімдерді бірлесіп әзірлеуді ұсынды.
KITA қауымдастығының төрағасы Юн Джин Сик:
Оңтүстік Кореядағы ең таңдаулы әрі алпауыт кәсіпорындар мен бизнес құрылымдардың басын біріктіріп отырған қауымдастық. Орта және шағын бизнестегі кәсіпкерлер де бізге тіркелген. Біз оларға Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы мағлұмат береміз. Алдағы уақытта Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері кездеседі. Сол іссапарда елімізден ірі кәсіпкерлер келеді. Инвесторлардың қазақстандық бизнес өкілдерімен, өңірлерімен әріптестік орнатуына тікелей атсалысамын. Оның ішінде Түркістан облысы да негізгі қатарда. Жаңа жобалардың жүзеге асуына, тиімді келісімдер жасалуына қолдан келген мүмкіндіктің бәрін қарастырамыз. Түркістан облысымен тиімді байланыс орнатып, жұмыс істейміз деген ойдамын, – деді.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркиядан келген инвесторлармен кездесті. Облыс әкімі атақты B.B.NURA басшысы Фатих Эргезерм және VIAMEDIS басшысы Асет Ахметов бастаған делегациямен Түркістан облысына денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту бойынша бірқатар жобаларды жан-жақты талқылады. Тараптар 500 орындық реабилитациялық орталығы бар медициналық кешен, созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін науқастарды емдеумен айналысатын амбулаторлы диализ орталықтарын ашу бойынша талқылады.
Барлық орталықтар Америка, Германия мен Жапониядан шығарылған жетекші өндірушілердің заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталмақ. Сондай-ақ түрік компаниясы мемлекеттік-жекеменшік негізде бірқатар емханаларды дамытуға үлес қосуға ниетті.
Облыс әкімі өз кезегінде, өңірге қажетті жобалар бойынша инвесторларға барынша қолдау көрсетілетінін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында облыс аумағындағы 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы 2024 жылға жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару және сол мақсатта мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдалану тапсырылған болатын. Осы бағытта жеке инвестор есебінен бірнеше ФАП құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар облыс аумағында жаңа құрылысты қажет ететін 61 медициналық нысандарды 2025-2026 жылдар аралығында инвестиция тарту арқылы іске асыру жоспарлануда.