ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТЫ ҚАДАҒАЛАДЫ

0
89

Түркістан облысында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықты әлеуметтік жұмыспен қамту жұмыстары, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сарыағаш пен Келес аудандарына іссапармен барып, күрделі жөндеу жұмыстары басталған білім, денсаулық, мәдениет нысандарын аралады. Құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысын қадағалады.
«Абай» Келес аудандық ауруханасының бас корпусында процесс басталған. 40-қа жуық жұмысшы тартылған. Облыс әкімінің орынбасары мұның өте аз екенін айтып, жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындарды тарту керек деді. Мердігерге бұдан бөлек кемшіліктер бойынша ескертулер жасалды.
Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылдық округінде 150 орындық жаңа мәдениет үйі әрі кітапхана құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы қаралған. Қыркүйек айында ел игілігіне тапсыру жоспарлануда. Қолданысқа берілген соң ғимарат бос тұрмауы қажет. Үйірмелер, шығармашылық кештер, іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сол сияқты облыс әкімінің орынбасары Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданда жүргізіліп жатқан маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысты. Мердігерлер, бас жобалаушылар, техникалық қадағалаушылар, жауапты басқарма өкілдеріне құрылыс кестесінен кешікпеу, жұмысшы күшін екі есе көбейту, құрылыс сапасына аса мән беруді тапсырды. Егер мерзімнен кешігу немесе құрылыс сапасы төмен болған жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді.
А.Қалыбеков ауылдық округі, Төрткөл елді мекеніндегі фельдшерлік акушерлік пунктінің құрылысы да тексерілді. Былтыр қыркүйек айында басталған құрылыстың бас мердігері – «Нүрі-Л-Жетысай» ЖШС. Ал Бірлік ауылдық округі, Алғабас елді мекеніндегі мәдениет үйдің күрделі жөндеу жұмыстары биыл наурыз айында басталған. Ғимараттың жалпы ауданы 1835,3 шаршы метр, жер телімінің ауданы – 0,45014 га. Бас мердігер – «Allians & Arena» ЖШС.
Облыс әкімінің орынбасары Атакент кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы №6 жалпы білім беретін мектебіне барып, сонда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Типтік үлгідегі мектеп 1986 жылы пайдалануға берілген. 570 орынға арналған білім ошағында мыңға жуық оқушы білім алады. Бас жобалаушы – «Вибo-строй» ЖШС. Биыл маусым айында басталған құрылыс бір жылға жоспарланған. Келер жылы тамыз айында тапсырылмақ. Мектептің қабырғалары плитадан қаланған үш қабатты негізгі 3 блоктан тұрады. «Construction Group SAMRUK» ЖШС тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мектептің Б, В, Г блоктарының бұзу және бөлшектеу жұмыстары аяқталды. Әрі қарай ішкі сылақ жұмыстары, шатырды орнату, терезелерді дайындау, электр сымдарын орнату жалғасуда.