ҰЛТТЫҚ ЖОБАМЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР САЛЫНУДА

0
81


Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша облыста 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт. Сол сияқты «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында да медициналық нысандар салынуда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде құрылысы жүріп жатқан медициналық нысандарға жергілікті өндірушілердің материалдары мен жиһаздарын қолдануды, нысандардың сапасын қадағалауды тапсырған болатын. керек.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Баққоныс, Төрткөл, Көкпарсай елді мекендерінде 3 ФАП құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржысы қаралған. Сондай-ақ жалпы құны 3156 млн теңгеге 13 жобаның жобалау сметалық құжатына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, респуликалық бюджетке ұсынылды. Қалған 6 жобаның құжаттары мемлекеттік сараптама қарауынан өткізілуде.
Денсаулық сақтау нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жоба аясында Сарыағаш және Жетісай аудандық орталық ауруханаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Алғабас» БМСКО нысанына толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды.
Биыл өңірдегі 8 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде, Кентау қалалық орталық ауруханасы, Келес аудандық «Абай» ауруханасы, Бәйдібек ауданындағы «Боралдай» БМСКО нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Кентау қалалық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Қалған 2 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жалпы 77% аяқталды. Бұл жұмыстарға 300 адам тартылған.
Өңірде ірі медициналық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтсақ, «Сарыағаш қаласында перинаталды орталығы бар медициналық кешен құрылысы» бойынша Сарыағаш қаласынан 10,5 гектар жер телімі бөлініп, перинаталдық орталық құрылысының жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында 200 төсек орындық заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы» жобасы бойынша Темірлан ауылында 8 гектар жер телімі бөлініп, құрылысына жобалау жұмыстары жүргізілуде. «Түркістан қаласында жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед Бен Заид Аль Нахаян атындағы 80 орындық перзентхана құрылысы» бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорымен келіссөздер жүргізілді. Құрылыс жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі таңда демеуші тарапынан мердігермен келісімшартқа тұру бойынша ресми келісім күтілуде. «Түркістан қаласындағы 210 төсек орындық облыстық балалар аураханасының құрылысы» жобасы әзірленуде.
Денсаулық сақтау саласында білікті кадрлар даярлауға да үлкен мән берілуде. Кадрлар даярлау бойынша 2023 жылы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен бейінді мамандар даярлау үшін резидентураға 60 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 650 грант бөлінген болатын. Биыл резидентураға 139 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 600 грант бөлу жоспарланып отыр.
Медициналық-техникалық жарақтандыру бойынша өткен жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 10,5 млрд теңгеге 712 дана, оның ішінде, ауыр (маңызды) 32 медициналық құрал-жабдық және 75 дана IV санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі сатып алынды. Ал 2024 жылы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жалпы сипаттағы трасферттер есебінен 6 млрд теңге қаржы қарастырылып, 17 дана ауыр медициналық техника алу жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым (8 облыстық деңгейдегі аурухана, 2 балалар ауруханасы, 3 қалалық аурухана, 17 орталық аудандық аурухана және аудандық аурухана, 5 оңалту орталығы, 4 емхана, 6 басқа мекемелер) және 130 жекеменшік мекеме бар.