АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

0
113

Мемлекеттің бірінші байлығы адам екені белгілі. Ел халқының саны артқан сайын азаматтарының сапасы да арта түседі, яғни көптің ішінен небір сұңғылалар көбірек шығатыны да белгілі. Сонымен бірге халық санының артуы жаңа жұмыс күшін толықтырып, өндірілген өнімнің тұтынушысының санын да арттыра түспек. Сол себепті де мемлекетіміз ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөліп келеді. Аналардың денсаулығы мықты болып дені сау сібилерді өмірге әкелуіне толық жағдай жасау бағытында көптеген жұмыстар жүргізіп, қолдаулар көрсетіп келеді.
Ұлттық салт-дәстүрлер толығырақ сақталған оңтүстік өңірлерде бала туу көрсеткіші басқа өңірлерден жоғары.Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша еліміздегі көш бастап келеді. Өткен жылы аймақта 56 мыңға жуық нәресте туған. Ал, 2024 жылдың алғашқы 5 айында 20 мың 859 сәби дүние есігін ашқан. Бұл жайында Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды брифингте мәлімдеді.
«Ана мен бала денсаулығы – ел болашағының жарқын болуының негізі. Бүгінгі таңда облысымызда 500 мыңға жуық бала тууға қабілетті жастағы әйелдер бар. Оның ішінде 28 мыңнан астам әйел жүкті болып тіркелген. Сонымен қатар, 182 жасөспірімнің жүктілігі тіркеліп отыр. — деді Бауыржан Нұрланұлы.
Осындай ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өңірімізде маусым айының соңғы аптасында «Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығы өтті. Апталықтың басты мақсаты — халықтың репродуктивті денсаулық мәселелері туралы ақпараттандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ұрпақты болу жүйесімен байланысты аурулардың алдын алу. Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздегі 10 миллионнан астам әйелдің 4 миллионнан астамы фертильді жастағы әйелдер болса, 6 миллионға жуығы балалар екенін, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, ҚҚ Түркістан облысы «Әйелдер кеңесі” төрайымы Баян Жандосова айтып берді.
Сонымен қатар, апталықтың ашылуына арнайы келген ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинова ата-ана мен бала арасында жоспарланбаған жүктілік жөнінде ашық әңгіме болуы керектігін айтып, ұлт болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.