ДАҚЫЛДАР ЖИНАУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
61

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асырудың маңызы зор. Түркістан облысында осы жобаны жүзеге асыру мақсатында көптеген жұмыстар жасалынып келеді. Аймақта ауыл шаруашылығымен айналысушылар көп болғандықтан осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы жұмыстар атқарылуда.
Биыл Жетісай ауданында 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,9 мың гектарына мақта шикізаты, 19,7 мың гектарына бақша, 3,4 мың гектарына көкөніс, 11,1 мың гектарына мал азықтық дақылдар егілген.
Бүгінгі таңда бақша, көкөніс, жеміс-жидек және жүзім дақылдары мен мал азықтық дақылдарын жинау науқаны қарқынды жүргізіліп, ерте егілген көкөніс дақылдарынан 45,8 мың тонна, бақша дақылынан 15,2 мың тонна, оның ішінде 9,1 мың тонна қарбыз бен 6,1 тонна қауын, жеміс-жидек және жүзім дақылынан 4,6 мың тонна, картоп дақылынан 3,8 мың тонна, жоңышқа дақылынан 25,0 мың тонна өнім алынып отыр.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлының ауданға жасаған іссапары барысында Абай ауылдық округінде болып, жергілікті шаруалармен кездесіп, ауданды дамыту бойынша өңірдегі істеліп жатқан жұмыстар мен жүзеге асырылатын жоспарлар, аймақтың биылғы жылғы жиын-терімге дайындығы, сондай-ақ кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларының басқа да өзекті мәселелері кеңінен сөз болды.
Жетісайлық ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері мемлекеттің қолдауымен өздерінің кәсіптерін дөңгелентіп, мол өнім алу жолында жұмыс жасап жатқандарын айтты. Сонымен қатар, кейбір мәселелерді шешу өнім көлемін арттыруға, табысты молайтуға септік ететінін де тілге тиек етті. Жергілікті шаруалар тарапынан ауыл шаруашылығы үшін ең қажетті жеңілдетілген минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағар майдың уақытылы жеткізілуі, ағын су тарифінің қымбаттылығы, жекеменшік каналдарды мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары елеулі мәселе екендігін алға тартты.
Жиын соңында көтерілген әрбір мәселе бойынша мәжілісмендер елордаға барған соң алдағы парламент сессиясының күн тәртібіне енгізіп мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтындықтарын жеткізді.
Басқосуда ерте көктемнен тіршілігін бастайтын оңтүстік өңір үшін арнайы жобалар жасау керектігін баса айтылды. Сонда өңірдің экономикалық қуаты арта түсумен қатар, еліміздің дамуына да оңтүстік диқандардың қосар үлесі еселене түсер еді.