АКЦИЯ АРҚЫЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ

0
75

Мемлекет мықты да дамыған болуы үшін азаматтарына толық жайлы өмір сүруге мүмкіндік жасауы қажет. Сонда мемлекеттің азаматтары елдің дамуына толыққанды үлес қоса алады. Ең алдымен жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру, олардың отаншылдығын қалыптастыру мемлекеттің ертеңіне сенімін арттырып, болашағын жарқын етеді.
Сондықтан да республикамызда ана мен баланы ұорғау, оларға барынша қамқорлық жасау бойынша арнайы бағдарламалар, жобалар, түрлі акциялар өткізіліп отырады. Сондай бүкілхалықтық акцияның бірі – «Мектепке жол» деп аталады.
Биыл Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестіріледі. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов брифингте мәлімдеді.
«Аталған қолдау — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі.
Жоғарыда аталған санаттағы отбасының балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымының басшысының атына баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы растайтын құжатты тапсыруы керек» — деді спикер.
Мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік осал отбасынан шыққан балаларға арналған осы қамқорлық арқылы отбасылық саясат та жүргізілуде. Себебі, кедей отбасыларында әлеуметтік-тұрмыстық проблемалардың жиі кездесуінен отбасыдан береке қашып, шаңырағы жиі шайқалып жатады. Сондықтан, мемлекет тарапынан жасалатын бұл акция көптеген отбасылардың кей мәселелерін шешуге көмектеу арқылы отбасының беріктігіне, отбасы мүшелерінің болашаққа сенімін арттыруға септік етеді. Ал «Отан – отбасынан басталатыны белгілі.