СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ТҰРАЛАТАДЫ

0
70

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың жайлы өмір сүруіне қоғамдағы сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың үлкен кедергі келтіретінін, сондықтан жегі құрттай болған осы келеңсіз құбылыстармен күресті күшейту, қоғамның төзбестігін қалыптастуры қажеттігін үнем айтып келеді. Еліміз бойынша және барлық аймақтарда да сыбайлас жемқорлықпен күрес, оны әшкерелу мен алдын алу бағытында тұрақты түрде жоспарлы іс-шаралар іске асырылып келеді.
Таяуда ғана Түркістан қалалық ауруханасында және қалалық полиция мен кірістер басқармасында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілі Ерұлан Тұңғышбаевтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша кеңес өтті.
Жиында баяндама жасаған Ерұлан Икрамұлы Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістеріне қатысушылардың назарын аударды.
Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл өзгерістің ерекшілігі, біріншіден – мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттарының тарапынан жасалуы, екіншіден – ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған сотталғандарға қатысты.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігін тоқтату. Бұл арқылы құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді.
Келелі кеңесте Ерұлан Тұңғышбаев «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» ТБН-4 жобаларын орындау бойынша түсініктеме берді. Жобалық басқару — бұл, ең алдымен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін көрсетуде, нақты нәтижелерге қол жеткізуде және формализмнен алшақтауда көрініс тапқан институционалдық реформалардың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өз сөзінде ТБН-4 шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысын ұйымдастыру сапасын арттыру үшін мүмкіндіктер ашылатынын айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша Түркістан қаласы әкімі аппараты заң бөлімінің бас маманы Әзімхан Омаров осы талқылаудағы басты бағыттар сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмысқа жол беретін барлық мүмкін жағдайларды болдырмау, заңды бұзу фактілерінің алдын алу бойынша қажетті шаралар атқарылатынын айтып, Мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу, қоғамда және ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен басқа да жауапты мекемелер тарапынан ғана емес сол сияқты қоғамның, әрбір азаматтың тарапынан осы бір келеңсіздікке төзбеушілік мәдениеті қалыптасқанда жемқорлық тәуекелінің жолы кесіледі. Азаматтар арасында адалдық пен адамгершілік, отаншылдық қасиеттерін қалыптастыру мен жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке тәрбиелеу қоғамнан мұндай сорақылықтың жолын кесуге мүмкіндік береді. Сонда еліміздің байлығы мен қазынаның қаржысын талан-таражға салу, жеке бас пайдасын мемлекеттік мүддеден жоғары қою сияқты жаман да зиянды әдеттер азаяды.
Сондай-ақ, қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, басшылыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Колл орталығына (1424 ) дереу хабарлау керектігі ескертілді.