ТУРИЗМ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСАДЫ

0
78

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Жалпы, туризмнің барлық саласы да елдің экономикасын көтеруге елеулі үлес қоса алады. Көптеген елдерде тек турзимнің салаларын дамыту арқылы бюджетін толтырып қарқынды дамуға қол жетізілуде. Біздің елімізде де туризмнің барлық салаларын дамытуға мүмкіндік бар. Президенттің тапсырмаларына сәйкес соңғы жылдары туризмнің көптеген салалары дами бастады.
Түркістан облысы еліміздегі табиғаты әралуан, тарихы терең, этнографиялық дәстүрі ерекше, экологиялық жағдайының әркелкілігімен ерекшеленетін аймақ. Мұндай аймақта туризм салаларын барынша өркендетіп, саяхаттаушылар санын артыруға мұмкіндік мол. Оның үстіне екі мың жылдық тарихы бар Түркістан қаласы облыс орталығына айналған соң қарқынды құрылыс жүріп, сәулеті артып, тарихи-архитектуралық нысандарға ерекше көңіл бөлініп құлпыра түсті.
Түркістан облысында, әсіресе, облыс орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың сәулеті қала кейіпіне сай болуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды. Жиын барысында облыстағы сәулеттік жобалар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, әкімшілік-іскерлік орталығындағы тұрғын үй кешендері мен коммерциялық нысандардың қасбеті, аулаларды абаттандыру, көше бойына салынатын саябақ дизайны қаралды. «Қолөнершілер орталығы» мен «Күлтебе қалашығы» жобасы пысықталып, ұсыныстар айтылды. Өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті.
– Түркістан қаласының өзіндік келбеті қалыптасқан. Нысандардың сәулеттік жобалары талапқа сай болуы тиіс. Әрбір құрылысты зерделеңіздер. Құрылыстың тарихи нысандарға зияны келмеуі басты назарға алынсын. Әрбір нысанға жауапты әкім мен басқарма басшылары жобаның басы-қасында жүріп, тиісті жұмысты атқарсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында әлеуметтік нысандар мен туристік ғимараттардың жобасы қаралды. Әрбір жобаны жіті қарап, ұсыныстарды тыңдаған Дархан Амангелдіұлы кемшіліктер бойынша ескертпелер айтты. Жауапты тұлғаларға жобаны жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс орталығы мәртебесін иеленгелі Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6% жарықтандырылған еді. Ал 2022-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қала аумағындағы жарықтандыру көрсеткіші 80%-ды құрады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы құрылысы жоспарланған 218 көшедегі жұмыстар аяқталған соң, қала көшелерінің жарықтандырылуы 95%-ға жетеді. Бұл шаһар тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен қаланы көрікті ету мақсатында жасалып отыр.
Сондай-ақ, қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1050 жол белгісі орнатылып, 70-ке жуық көше, мектептер мен балабақшалардың жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. 39 орынның жасанды жол кедергілері жаңартылды. Бұл шаралар да қалаға келуші саяхаттаушылар мен қонақтардың қауіпсіздігі мен қала көшелерінде жайлы жүруіне септік етеді.
Сонымен қатар, күні кеше Төлеби ауданында тағы бір демалыс аймағы іске қосылды. Жеке кәсіпкер Сакен Сәрсенов жеке қаражаты есебінен «Алтын балық» демалыс орнының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды.
Көксәйек ауылдық округі аумағында орналасқан құны 350 млн теңгені құрайтын демалыс орнында 4 коттедж, 10 сәкі бар. Аумағы 1,6 гектар. Кәсіпкер бұған қоса, балық шаруашылығын дамытып, 0.5 гектар аумақта 10 тоннадан астам сазан балығын өсіруде. Демалыс орнының ашылу салтанатына аудан ардагерлері, ел ағалары, ауыл халқы қатысып, лентасын қиды.
Ауданда экотуризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Айта кетейік, Төлеби ауданында туризм саласында 140 нысан қызмет көрсетеді. Былтырғы жылы 2,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 8 жоба жүзеге асып, 42 жұмыс орны ашылған. 2024 жылы инвестиция көлемін 1,8 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Құны 220 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 10 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олар: Біркөлік демалыс аймағынан ашылатын демалыс орны және Біркөлік шатқалынан ашылатын қонақ үй құрылысы.