КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНІП, ЗАҢ ШЕҢБЕРІНДЕ ШЕШІЛЕДІ

0
83

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыру билік пен халықтың арасын, қоғамдағы болып жатқан жағдайды қадағалап отыруға және тұрғындардың мұқтаждықтарын біліп отыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге бұл тұжырымдаманы орындау барысында әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық басқа да мәселелердегі жергілікті шенеуніктердің жіберген, немесе қолға алмаған мәселелерін тұрғындардың сын-ескертпелері, өтініш-тілектері мен ұсыныстары байқап, оларды түзетіп, заң шеңберінде орындауға мүмкіндік болады. Қысқасы, билік пен халықтың арасындағы кездесу не жеке қабылдаулар сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, тұрмыстық мәселелерін шешіп, өңірдің жан-жақты дамуына жол ашады.
Сондықтан да,Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау тұрақты өткізіліп келеді. Онда көтерілген кез келген мәселе назарға алынып, бірі сол мезетте шешімін тапса, бірінің оңтайлы шешілуі уақыт талап етеді.Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өзі жетекшілік ететін салалар бойынша өңір тұрғындарын кезекті рет қабылдады. Жеке қабылдауға тиісті басқарма басшылары мен жауапты мамандары қатысты.
Тұрғындар негізінен денсаулық, жұмысқа орналасу, білім саласына қатысты мәселелерді көтерді. Бірі оңалту орталығын ашуға құжаттарды дайындау барысын білгісі келсе, енді бірі мектеп формасын алу мәселесін айтты. Сонымен қатар «Жаңа қала» шағын ауданында балабақша ашу туралы ұсыныс берілді. Бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалысынан, жұмысқа қайта орналасу, оқу грантына қатысты түйткілдер де айтылды. Тұрғындардың бірі денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік тобын қайта тағайындауды сұраса, жауапты басқарма ай, тоқсан сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған үйлестіру кеңесін өткізіп отырса деген тілегін жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдауды күшейту, инклюзивті орталық ашу жөнінде де өтініштер тыңдалды. Жұмыстан себепсіз шығып қалған мұғалім соттың шешімімен келіспейтінін жеткізсе, тағы бір тұрғын мүгедектігіне қолдау шараларын жүргізуді және тұрғын үй салуға жер учаскесін сұрады.
Ашық форматта өткен қабылдауға Шымкент, Түркістан және Кентау қаласынан, Сауран, Ордабасы, Қазығұрт. Сарыағаш, Түлкібас, Бәйдібек аудандарынан 16 азамат келді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар өтініштер бақылауға алынатынын жеткізді. Жауапты басшыларға мәселелерді зерделеп, қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
Тұрғындарды жеке қабылдау қала, аудан басшылары тарапынан да тиісті кестеге сай өткізіліп келеді. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бекітілген кестеге сәйкес, апталық жеке қабылдауын өткізді. Қабылдауға тиісті бөлім басшылары қатысты.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар ауыз су, спорт залды күрделі жөндеуден өткізу, кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қабылдауға алдын ала жазылған ауыл тұрғындарының мәселелері толығымен тыңдалды және ойлары ортаға салынды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде орындалуына ықпал ететінін жеткізді.