ИНВЕСТОР ТАРТЫП, ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖЕТІЛДІРУ ЖЕТІСТІККЕ БАСТАЙДЫ

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын арттырып, ел қазынасын толықтырып, заманауи технологияларды игере отырып дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылу үшін елімізде ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жұмысына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Инвестиция салушыларға өз бизнес жоспарларын жүзеге асыруға, кедергісіз жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалуы керек. Сонда еліміздің барлық аймақтарында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қарқымен дамып, жаңа өндіріс орындары ашылатын болады. Ал ол дегеніңіз ел қазынасына құйылатын қосымша қаржы мен халық қажетіне керек түрлі өнімдерді өндіру көлемінің артуына жеткізіп, ел экономикасының деңгейінің жоғарылауына жеткізеді.
Мемлекет басшысы әр қала, аудандарда инвестиция тарту мен өндіріс орындарының қатарын көбейту үшін арнайы индустриялық, экономикалық аймақтар ашу мен оларда кәсіпкерлер мен инвесторларға бизнесін өркендетуге барлық жағдай жасалуы қажеттігін айтқан болатын. Соған орай Түркістан облысында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға қарқын беру мақсатында арнайы индустриялды және экономикалық аймақтар ашуға мән берілген. Оларда бүгінде ондаған жаға өндіріс орындары ашылуда.
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Осы бағытта жан-жақты жұмыс жүруде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірдегі индустриалды аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағын инфрақұрылыммен қамту, жаңа кәсіпорындар ашу мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.
– Өңірдің дамуы өндіріс орындарының ашылуымен тікелей байланысты. Нақты тапсырмалар берілген. Индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыра алмаған басшыларға тиісті шара көріледі. Болмайды былай, әрекет етіңіздер. Инвесторлар тартыңыздар. Инфрақұрылымын жетілдіріңіздер. Нақты жоспар, ұсыныстар, жүйелі жұмыс қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысындағы 10 индустриалды аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағының қазіргі жай-күйіне талдау жасалды. Облыста өндірісті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында индустриалды аймақтар құру жоспарланып, аудан қалалар тарапынан техника-экономикалық негіздемелер және соның негізінде жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, нәтижесінде, облыс бойынша индустриалды аймақтар құрылған.
Нәижесінде инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат қалыптасуда. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда инвестиция құны 190 млрд. теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асыруда.
Бүгінде Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Кәсіпкерлердің өзінің бизнес жоспарларын жүзеге асыруы үшін инфрақұрылымы сапалы әр толық жасалған орындардың болуы маңызды. Сондай бизнес климат жасалған жерде кәсіпкерлер алаңсыз өзінің өндірісін өркендетіп өнім өндірумен айналыса алады. Облыста, оның қала, аудандарында облыс әкімінің қадағалауымен жақсы бизнес климат жасалуына барлық күш салынуда. Өйткені өңірдің қуаттылығы сол өндірістердің қарқынды жұмыс жасап, мол да сапалы өнім өндіруіне, тартылған инвестициялар мен ашылған жаңа өндіріс орындарына да тікелей байланысты. Солардың арқасында қаншама жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.
Екіншіден, шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимараттар салынуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды.
Облыста индустриалды және өндірістік аймақтарды кеңейту, газбен, сумен, электрмен, инфрақұрылыммен қамту және жаңа инвесторлар тарту жұмыстары жалғасады.