МЕРЕКЕ ЖАСТАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІН НЫҒАЙТУҒА АРНАЛДЫ

0
109

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру – Ел болашағын жарқын етуге жасалған жұмыс деуге болады. Мемлекеттің болашағы жарқын болуы үшін республикалық, облыстық, қалалық, аудандық көлемде жасөспірімдермен, жастармен тұрақты түрде әр бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, олардың жан-жақты жетілуіне, заман ағымынан қалып қоймауына, қайта заманының алдыңғы қатарында болуына мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Сондықтан жастармен жұмыс жасаудық әрбір мүмкіндігі қалт жіберілмеу керек.
Сондай мүмкіндіктің бірі Түркістан облысында 12 тамызда аталып өткен Халықаралық жастар күні мерекесі болды. Еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші жастар үшін бұл маңызы мол мереке. Сондықтан, оларды қолдау және ынталандыру қоғамның дамуы үшін аса маңызды болып саналады. Осыған орай облыстағы 17 аудан, қалада «Жастармен BIRGE» атты гала-концерті өтті. Елге танымал эстрада жұлдыздары, жергілікті өнерпаздар мен жастар арасындағы танымал әншілер өз өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шара аясында аудан, қалаларда аудан әкімінің кубогы үшін Жайдарман сайысы, кинокөрсетілім, караоке кештері мен ұлттық спорттан сайыстар ұйымдастырылды. Мерекелік жиында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде қатысып жүрген жастардың мәдениет, өнер, спорт және білім саласындағы жетістіктері ерекше атап өтіліп, белсенді жастар алғыс хаттармен және сый-сияпаттармен марапатталды.
Айта кетейік, іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың қоғамдық-саяси, мәдени-рухани және әлеуметтік өмірде белсенділігін ынталандыру, сондай-ақ жастардың жетістіктерін атап өту, оларды қолдау арқылы жастардың қоғамдық өмірдегі рөлін нығайту.
Барлық қалалар мен аудандардағыдай мұндай іс-шаралар Бәйдібек ауданында да өткізілді.
Бәйдібекте 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. «ZHASTAR WEEK» апталығы аясында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов білім, мәдениет саласының жастары мен жас кәсіпкерлер, ерікті жастар, спортшылармен және студенттермен кездесті.
Бөген өзенінің бойындағы демалыс аймағында еркін форматта өткен кездесуінде белсенді аудан жастары өздерінің көкейінде жүрген сұрақтары мен пікірлерін айтып, ауданның дамуына қосатын түрлі саладағы ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар қонақтар «Сафи_арт_спорт» үйірмесінің және О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің қолөнершілерінің көрмесі мен талантты жастардың өнерлерін тамашалады. Бәйдібек ауданының атын асқақтатып жүрген спортшылар мен талантты жастардың жетістіктері аудан басшысына таныстырылды.
Кездесу барысында аудан әкімі жастармен бірге қазақтың ұлттық спорт түрі — садақ атудан жебе тартып, аудан жастарымен бір толқында болды. Демалыс аймағында өткен шарада жастар арасында арқан тарту, кір тасын көтеру мен қол күрес және басқа да спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Сол сияқты ауданда Халықаралық жастар күніне орай ашық аспан астында салтанатты іс-шара өтті «Open Air-2024» гала-концерті аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев қатысып, барша аудан жастарын мерекемен құттықтады.
«Жастармен бірге» шарасында түрлі салада үздік нәтиже көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген бірқатар жастар алғыс хаттармен марапатталды.
Халықаралық жастар күніне орай, жастардың сүйіп тыңдайтын әншілері Мұхтар Ханзада, Жолдасбек Әбдіхан, Али Өтенов, Шұғыла Тұрсынбай секілді елге танылған бірқатар жұлдыздар да арнайы қонақ болды. Олар әсем әндерімен аудан жастары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.