МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ

0
81

Кедей, мемлекеттік қолдау мен көмекке зәру отбасыларын тағдыр тәлкегіне қалдырмай мемлекетіміз тарапынан тиісті жәрдемдер беріліп, қолдаулар жасалынып келеді. Әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Оған қоса түрлі акция, шаралар арқылы да қолдаулар болып тұрады. Сондай көмектің бірі – «Мектепке жол» акциясы.
Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестіріледі. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов брифингте мәлімдеді.
«Аталған қолдау — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Жоғарыда аталған санаттағы отбасының балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымының басшысының атына баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы растайтын құжатты тапсыруы керек» — деді спикер.
«Мектепке жол» акциясының басты мақсаты – мектепте оқитын балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан басқалармен бірдей жағдайда мектептегі оқу процесіне қатысып, әрі еңсесі көтеріңкі болуын, оқу барысында ешқандай мұқтаждықты сезінбей сапалы білім, саналы тәрбие алуын қамтамасыз ету болып табылады. Өзін өзгелерден өор санамай өскен әр баланың рухы биік, білімге құштарлығы үлкен, еліміздің ертеңі бола алары анық.