ИНДИКАТОРЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ ҚАРҚЫНЫН АРТТЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыруда Түркістан облысында барлық салалар бойынша жұмыстар ойдағыдай орындалуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала, аудан басшылары өңірлеріндегі барлық сала бойынша жұмыстардың жоспарға сай сапалы орындалуын назарда ұстап, кем-кетіктерді дер кезінде жөндеуге мұрындық болуда. Шардара ауданында да аудан басшылығы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға байланысты атқарылуға тиісті жұмыстарды үнемі назарында ұстап, түйіткілді мәселе болса шешіп, жұмыстың жоспарға сай, сапалы орындалуына басшылық жасауда.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бауыржан Жетпісбаевты қабылдады. Одан Шардара ауданы бойынша 2024 жылдың 6 айының қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуы бойынша жұмыстардың жайын сұрап, мәселелерді талқылады.
Тарқатып айтсақ, 2024 жылдың 6 айында ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12,9 млрд.теңгені құрап, нақты көлем индексі – 102,7% құрады. Өнеркәсіп өнімі көлемі 12 395,5 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,1% құраса,өңдеу өнеркәсіп өнімі көлемі 2024 жылдың 6 айында 8 031,6 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 112,0% болды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 6 807,3 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,1%-ға артық орындалды.
Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 9 361,1 млн. теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 123,3% құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 19 188 шаршы метрді, нақты көлем индексі – 116,9% құрады.Салықтық түсімдер жоспары 2 909,0 млн. теңге болса, нақты 2 996,8 млн.теңге бюджетке түсіп, жоспар 103,0% орындалып отыр.
Арман Романұлы бөлім басшысына индикаторлардың орындалу қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырып, 6 айлық жұмысына оң баға берді.
Апта басында аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара қаласындағы бірнеше нысанмен танысу барысында Нұротан мөлтекауданына да барып, жергілікті тұрғындармен кездескен болатын. Ол жерде тұрғындар тұрғын үйлердің арасында қоқыс полигонына айналып бара жатқан аумақты көрсетіп шағымданған еді. «Халық үнін еститін үкімет» ретінде жергілікті басшылар аудан тұрғындарымен кестеге сай кездесулер өткізіп, аудан басшысы азаматтарды жеке қабылдап, олардың ұсыныс-тілектерін, арыз-шағымдарын тыңдап, аудандың деңгейде заңдылық шеңберінде орындауға болатындарын орындап, жүзеге асырады.
Кездесудегі тұрғындардың өтінішін тыңдаған аудан әкімі бұл жерді жедел қолға алып, мәселені шешуді тапсырған болатын. Артынша аталған аумақ қоқыстан толық тазартылып, бейнекамера қойылды. Қала аумағындағы ретсіз қоқысқа айналған жерлерді тазартып, қолға алу күн тәртібінде тұр.
Мемлекет ауылды аймақтардың дамуын жеделдету, тұрғындарынығ әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында бірнеше бағдарламалар қабылдап, олар ауылдарда жүзеге асып жатыр. Солардың бірі — «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасының аясында Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық округіндегі 9 көшеге асфальт жабыны төселуде. Атап айтқанда: Асық-ата, Сейфуллин, Абай, Әйтекеби, Жамбыл, М.Әуезов, Д.Қонаев, М.Мәметова және Бектұрғанов көшелері. Асфалть төселетін ішкі жолдардың жалпы ұзындығы 9,5 шақырымды құрайды. Қоссейіт ауылында жалпы 15 көше болса, оның 9-ы асфальттанса 100 пайыз ішкі жолдар аяқталады. Алдағы уақытта тек ауылдық округтегі жаңадан қолға алынып жатқан тұрғын үй учаскілері көшелерін жөндеу жұмыстары ғана қалмақ.
Биыл мұнан бөлек Шардара ауданында аталмыш бағдарлама аясында Қ.Тұрысбеков ауылындағы 5 көшені асфальттеу жұмыстары жүрмек.