ҚҰРЫЛЫСТАРДЫҢ САПАСЫ МЕН ҚАТАР СӘУЛЕТІ ДЕ ӘКІМ НАЗАРЫНДА

0
62

Мемлекеттің экономикалық, индустриялдық, мәдени-рухани, ғылым мен білім салаларындағы жетістіктері жоғары болуында этикалық-эстетикалық салалардың да үлесі болады. Дамыған мемлекетте барлық салада жетістіктері көрініп тұруы керек. Озық елдің қалалары мен ондағы ғимараттары мен нысандары да архитектуралық-сәулет өнерінің заманауи және ұлттық үлгілерімен ерекшеленеді. Сондықтан да, біздің елімізде егемендік алғалы сәулет өнеріне мән беріліп келеді. Исі қазақтың ғана емес жалпы түркілік мәдениет пен руханияттың отаны болғандықтан Түркістан қаласы заманауи ғана емес түркілік, қазақи сәулет өнерінің үлгісі болуы тиіс.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен сәулеттік жобалар талқыланған жиын өтті. Онда Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы елді мекендерде қолға алынатын сәулеттік жобалар сараланды. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында салынатын имандылық асхана сарайы мен балабақша жобасы қаралып, осы аумақтағы тұрғын үй кешендерінің және коммерциялық нысандардың қасбеттерін әрлеу үлгілері көрсетілді. Мәдениет үйі мен жаңа саябақ үлгісі, «Күлтөбе қалашығы» және «Ұлы Жібек жолы» жобалары пысықталды.
Жобалардың сәулеттік кейіпі бойынша ұсыныстарды тыңдаған облыс басшысы сапаға аса мән беруді, кейбір жобаларға өзгеріс енгізуді тапсырды.
– Сәулеті, құрылысы талапқа сай жүргізілетін, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін нысандарды салуға жер, инфрақұрылым тарапынан қолдау болады. Бірақ кәсіпкерлер бізге жол картасын ұсынып, жұмысты уақтылы бастауы тиіс. Егер құрылыс кешеуілдесе, жер мемлекетке қайтарылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облысқа қарасты аудан, қалаларда бой көтеріп жатқан нысандардың сапасымен қатар, сәулеті де назарға алынған. Жиын барысында Келес, Сауран және Сарыағаш аудандарында салынатын Мәдениет үйлерінің жобалары да пысықталды. Сонымен қатар Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Сарыағаш, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы ғимараттар мен жалға берілетін тұрғын үйлер жобасына ұсыныстар айтылды.