КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ҚОЛДАУ

Мемлекетіміз өңірлердің экономикалық, әлеуметтік, индустриялдық және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту арқалы тек аймақтар ғана емес бүкіл еліміздің экономикасының дамуына қарқын қосуын мақсат етіп отыр. Сондықтан облыстар, қалалар, аудандар мен елдімекендерде де кәсіпкерлікті дамытуға жаңа өндіріс орындарын, қызмет көрсету, басқа да салаларды қолдауда. Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау мен санын арттыру бағытында елеулі жұмыстар атқарылып келеді. Мұнда жеке кәсібін ашқысы келетін азаматтарға кәсіпкерлік орталықтарында кәсіпкерліктің бастауын, бизнес-жоспар жасаудан қалай жұмысты бастап жүргізуге дейін үйретіп, оқытып арнайы сертификат береді. Одан ары келесі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жаңа жұмысын бастап жатқан кәсіпкерге жер телімінен, қаржылай қолдаулар жасалады.
Түлкібас ауданында мемлекеттік қолдаумен өндіріс саласы дамуда. Жергілікті кәсіпкерлер субсидия, жеңілдетілген несие алып, бизнесін кеңейтіп жатыр. Пандемия кезінде тұралап қалған кәсіпорындар жұмыстарын жандандырды. Әкімдіктің қолдауымен түрік инвесторлары қаржы құйған «Azia Food Company» ЖШС биыл қайта іске қосылған. Ұн диірмен кешені жылына 36 мың тоннаға дейін бидай өңдеуге қауқарлы.
Биыл әкімдік қолдауымен «GRAND FLOUR INDUSTRY» ЖШС-мен серіктестік шикізатын өндіру бойынша келісімшартқа тұрған кәсіпорын қарқынды жұмыс істеуде.
Сондай-ақ бұл аумақта ұн комбинаты, 2 консерві зауыты, әк зауыты жұмыс істеп тұр. Жергілікті кәсіпкер 7 гектардан жиналған патиссон (табақша тәрізді асқабақ) жемісіне деген сұраныстың жоғары екенін жеткізді. Таулы аймақта ғана өсетін дәруменге бай өсімдік Түлкібас ауданында өсіріле бастаған.
Түлкібас ауданында 32 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Биыл ауданда шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпорындар саны 10 мыңға жетіп, жаңадан 12 720 жұмыс орны ашылды.
Қазір Оңтүстікте егіс орағы қызып тұр. Түлкібастағы Жаскешу ауылында орналасқан «Серғазы» шаруа қожалығының төрағасы гектарына 30 центнерге жуық бидай өнімін алуда.
Ал, Арыс ауылдық округіне қарасты «Сүйіндік» шаруа қожалығының жұмыс қарқыны қарыштай дамып, бүгінде аудан көлемінде ел білетін ұжымдардың қатарына кірді. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтың табысы жылдан жылға ұлғайып келеді. Берекесі мен ынтымағы жарасқан бұл ұжымды ұзақ жылдардан бері диқан, іскер азамат Мелдебек Сүйіндікұлы Тайлиев басқарып келеді.
«Сүйіндік» шаруа қожалығының төрағасы Мелдебек Тайлиевтің сөзінше, өткен жылы 650 гектар жерге бидай, 120 гектарына жоңышқа, 250 гектарына мақсары еккен.
Қазіргі таңда алқапқа 3 комбайн техникасы жұмылдырылған. Комбайншылардың орған бидайын 2 “Камаз” көлігі егіс алқабынан тоқтаусыз тасымалдап жатыр. Комбайншылардың, тасымал жұмыстарын атқарып жатқан көлік жүргізушілердің бәрі жергілікті тұрғындар екен.
Айта кетейік, биыл Түлкібас ауданында 24 гектарға масақты дәнді-дақылдар егілген. Оның ішінде, 15,4 мың гектарға бидай, 8,6 мың гектарына арпа. Қазіргі таңда бұл дақылдардың 12,5 мың гектары орылып, осы уақытқа 29,8 мың тонна өнім жиналған. Бидайдың өнімділігі орта есеппен гектарына 25-30 центнерді, арпаның өнімділігі гектарына 22 центнерді құрайды.
Бұл көрсеткіштер ауданда егін шаруашылығындағы табыстардың да артып келе жатқанын көрсетеді. Әр саладағы өндірілген өнімнің көлемі мен сапасының артуы, өндірілген өнімдердің өзіндік құнының төмендеуі, үнемшілдік арқылы шығынды азайтып бір егістік алқабынан екі-үш мәрте өнім жинау сияқты жетістіктер өңірдің әлеуметтік-экономикалық қуаттылығын арттыра түсетіні белгілі. Ал, ол өз кезегінде республиканың экономикалық дамуына қарқын қосады. Сондықтан да кәсіпкерлікке қолдау жалғасып арта бермек.