АУЫЗСУ, ГАЗ, ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАНУДА

0
66

Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық қуаттылығын арттыру үшін инфрақұрылымдардың сапалы болуы мен тұрғындардың да жайлы тұрмыс кешуінің маңызы бар. Оның ішінде Мемлекет басшысы айтқандай ауыл тұрғындары мен қала тұрғындарының өмір сүруі мен тұрмыстық жағдайындағы айырмашылықты азайту мәселесінде ауылдарды таза ауызсумен, табиғи газбен, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру қажет. Түркістан облысында аталған мәселелерді жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әр бұл мәселелер облыс басшысының бақылауында тұр. Аталған бағыт бойынша жұмыс барысын қадағалап, кемшіліктерге жол бермей, орын ала қалса дер кезінде түзету мақсатында штаб құрылып, жұмыс жасауда.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірді инфрақұрылыммен, ауызсу мен газбен қамту мәселелерін қарайтын штабтың кезекті мәжілісін өткізді. Онда аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жауаптылармен осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
– Ауызсу мен газға қатысты жобаларды уақтылы әрі сапалы аяқтау керек. Әр апта сайын әр нысан мен жобаны талқылап қана қоймай, ауылдар мен елді мекендерге арнайы барып, мердігерлердің жұмысын қадағалау маңызды. Мониторинг жұмысы тұрақты жүргізілсін. Ауызсу мен газға қатысты мәселеде қателесуге болмайды, – деген Зұлпыхар Жолдасов жауапты басқарма басшысы мен өкілдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Штаб отырысында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің, әр салаға жауапты бөлім басшыларының есептері, ұсыныстары тыңдалды. Жұмысты ширату жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде ауыз су, газ, сапалы электр қуатымен қамту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Былтыр өңірдегі «сақалды құрылыстардың» мәселесі шешілді. 2024 жылы 86 газ нысанының құрылысына қаржы бөлініп, оның ішінде 48 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 38 нысан 2025 жылға өтпелі. Өңірде жерасты су көздерін іздеу, барлау жұмыстары жүруде.
Жалпы, елді мекендерді ауыз сумен қамту, газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және ол жүйелі түрде ары қарай жалғасады.
Инфрақұрылыммен қамту бойынша жұмыстар облыс орталығында да жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Түркістан қаласында 44 240 абонент сапалы электр қуатымен қамтылған. Биыл Тәуке хан даңғылы, Қазыбек би, Төле би, М.Абенова, Н.Төреқұлов, Н.Тынышқұлов көшелеріндегі кабель желілерін салу құрылысы нәтижесінде қосымша 4520 абонент сапалы электр қуатымен қамтылды.
Сондай-ақ Айбергенов көшесі, «Бірлік-2» аумағы және жобадан тыс қалған 7 нысанды электрмен қамту үшін тағы да жоба әзірленді. Аталған жұмыстарды 2024-2025 жылдар аралығында жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде қосымша 6 500-ден аcтам абонент электр жүйесімен қамтылады. Бұл бастама бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі қала тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтуды 99 %-дан 99,5%-ға жеткізеді.
Шаһарда 48,1 шақырым электр желісі тартылып, 24 дана трансформатор орнатылды. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 2024-жылға жоспарланған инвест бағдарламасының 70%-ы орындалды. Жыл соңына дейін межеленген жұмыстарды толық сапалы әрі мерзімінде орындау бойынша серіктестік ұжымы жұмыс қарқынын арттыра түсуде.