ОБЛЫСТА БАЛЫҚ ӨСІРУШІ КӘСІПКЕРЛЕР АРТЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет «Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды өңірлерде кәсіпкерлікті қолдауға бағыттауды тапсырды. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлінген. Жоба негізінде 3 мыңнан аса адам кәсібін жандандырған. Оның ішінде балық шаруашылығын қолға алғандар да бар. Бұрын мал бағумен, егін егумен, құс өсірумен айналысқан тұрғындар енді су маржанын өсіруге көшкен. Тұңғыш рет балық шаруашылығымен айналысуға бел буған 36 тұрғынның бірі созақтық азамат. Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров жоба негізінде тоған салып, онда 1,5 тонна шабақ жіберген. Қазір олар 3 келіге дейін жетіп, кәсіп иесі балық өнімін сатылымға шығара бастаған.
Кәсіпкер Созақ өңірінде негізінен төрт түлік мал өсіру қалыптасқандықтан одан басқа салалар бойынша жұмыс істеп, кәсіп ету ауданда енді-енді ғана жүзеге асырылып келе жатқанын, өзінің де балық шаруашылығымен айналысуға тұңғыш тер тәуекел еткенін айтты. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші аудан әкімдігі Ержанның бастамасын қолдап, тоған салу үшін үш гектар жер бөлген. Соған балық жіберіп, оны бағып-қағуды мұқият үйрене отырып жүзеге асырып жатқан жайы бар. Алдағы кезде кәсіпкер өзінің жаңа кәсібінің де нәсібін көтерін кез жақын.
Жалпы Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы балық шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлер саны артып келеді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған Жартытөбе ауылдық округінің тұрғыны Нұрлыбек Әлтековтің шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер жаңа жобаның тиімділігіне айрықша тоқталып, тоған жұмыстарымен таныстырды.
Айта кетейік, шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 млн 300 мың теңге көлемінде 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған. Шаруа қожалық иесі биыл мамыр айында 10 000 дана сазан шабағын арнайы қазылған тоғанға жіберген. Қазіргі уақытта бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер өнімін сатуға дайындауда.
Жалпы Созақ ауданында былтыр «Ауыл аманаты» аясында 210 жоба қаржыландырылды. Оған 1,2 млрд. теңге қаралған. Осылайша өңірлік өнім көлемі 2021 ден бері 46 пайызға өсіп, 2023 жылдың қорытындысымен көрсеткіш 665 млрд. теңгеге жетті. 4 ауылдық округте ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, олар жеңілдетілген несиемен қамтылған. Соның нәтижесінде 88 млн. 850 мың теңгеге техникалар сатып алынды «Ауыл – ел бесігі» аясында 14 жоба жүзеге асқан.
Айта кетсек, 2024 жылдың 6 айында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында 24 кәсіпкерге 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие берілген. Аталған уақыт аралығында облыстағы балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарымен 4 900 тонна балық өнімдері өңделген.
Ал, Түлкібас ауданында балық шаруашылығын ашам деушілерге 258 млн. теңге бөлінген. Сол қомақты қаражаттың арқасында кәсібінің нәсібін көріп отырған кәсіпкердің бірі Еркебұлан Қайратұлы. Ол жер астынан шығатын бұлақ көздерін пайдаланып, су маржанын өсіруде.
«Біздің жақта жер астынан шығатын бұлақ бар. Сол жерге 2 тоған салдық. Оның бірінде форель балығын өсіруді бастадық. Екіншісіне, түрлі балық түрлерін алып келіп, сонда өсіруді жоспарлап жатырмыз», — дейді кәсіпкер.
Түлкібас аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қуатбек Сағымбекұлы балық өсіріп, кәсібін дөңгелетуге ниет білдіргендерге қолдау жалғасатынын айтады.
«Биылғы жылы 60-тан аса азаматтар мен кәсіпкерлер қызығушылық танытты. Оның 27-сі биылғы жылы 1,5 млн шабақ алып келіп, өздерінің жасап қойған тоғандарына жіберіп жатыр. Жылдың аяғына дейін 1000-1200 тонна балық өндіру ниетіміз бар», — дейді ол.
Аталған кәсіп түріне қаржы бөлу жалғасады. Себебі мамандар бұл бастама өңір экономикасын жақсартуға мол ықпал ететінін айтады. Жоба жүзеге асса тағы 111 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.