АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫН КЕЙІНГІ ҰРПАҚҚА ЖОЛ САЛУШЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауларында, құрылтайлардағы сөйлеген сөздерінде елдің ертеңінің баянды болуы ұрпақтар жалғастығымын тығыз байланысты екендігін атап айтып келеді. Өйткені, «арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе кейінгі дөңгелегі сол салған ізбен жүретіні» сияқты ұлттың дамуында да алдыңғы толқын қалай жүріп, қандай өнеге көрсетіп, қандай тәлім-тәрбие берсе кейінгі ұрпақ оснымен кетеді. Сондықтан да, алдыңғы ұрпақ пен кейінгі ұрпақ арасында үнемі байланыс, жалғастық болуы керек. Ол жалғастық барлық деңгейдегі ардагерлер кеңестері арқылы да жүзеге асырылып келеді.
Сауран ауданындағы «Қамқорлық» орталығында аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мәжілісі болып өтті. Мәжіліске Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, ардагерлер кеңесінің және әжелер алқасының мүшелері, мәдени орталық өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, дін өкілдері қатысты. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов ашып, жүргізіп отырды.
Мәжілістің күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттер мен мақсаттар «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» және аудандық ардагерлер кеңесінің үстіміздегі жылдың жеті айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Күн тәртібіндегі қаралған мәселелар бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов жыл басынан бергі атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндап өтті. Сонымен бірге, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ақсақалдар мен ардагерлерімізді елді бірлікке, ынтымаққа, жастарға тәлім тәрбие беруге, татулығымызды нығайту бағытында ауылдық округтерде түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізіп, істерімен, әдептерімен кейінгілерге өнеге болуға шақырды.
Мәжілісте көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар жүргізілетін болды. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қорытындылады.
Сондай-ақ, «Қамқорлық» орталығында өткен аудандық ардагерлер кеңесінің басқосуында әжелер алқасына қатысты да мәселе қаралды. Жиынға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанбай Рысбеков, ардагерлер кеңесінің және әжелер алқасының мүшелері, қоғамдық бірлестіктер мен дін өкілдері қатысты.
Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов ашып, жүргізіп отырды.
Бұған дейін аудандық әжелер алқасының төрайымы қызметін абыроймен атқарған Балымхан Байтенова Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы әжелер алқасының төрайымы қызметіне тағайындалған болатын. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов Балымхан Байтенованың бүгінгі таңға дейін атқарған жұмыстарына жоғары баға беріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен бірге аудандық әжелер алқасының төрайымы қызметіне Райхан Полатованың тағайындалғанын жариялады.
Райхан Полатова 1964 жылы 11 тамызда туылған. 1971-1982 жылдары Түркістан ауданы, Үшқайық ауылдық округі, Крупская орта мектебін тәмамдаған. 1982-19685 жылдары Сарыағаш ветеринария мал дәрігері техникумы, 1985-1990 жылдары Ленинизм колхозында, 1990-1997 жылдары Шорнақ ауылы «Жұлдызша» бала-бақшасында, 1997 жылдан бүгінгі таңға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді.
2020 жылы «Қазақстан асыл аналары» республикалық кітабына енген, «Асыл ана» төсбелгісімен марапатталған. 2018-2021 жылдары «Ақ дидарлы әжелер», «Әжелер отбасының берекесі» аудандық байқауының жүлдегері, 2021 жылы «Ұлағатты әже» медалінің иегері, облыстық, аудандық әкімдерінің, қоғамдық ұйымдардың алғыс хаттары мен құрмет грамоталарымен марапатталған.