СЕССИЯ МЕН ЖҰМЫСШЫ ТОП ОТЫРЫСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

Мемлекет басшысы экономикалық дамуды бірінші, саяси қоғамды құруды екінші мәселе ретінде қарастырудың қателігін айтып «Мемлекеттің қалыпты дамуы мен демократиялық құндылықтар мен әлеуметтік-экономикалық дамуды қатар алып жүруі қоғамдағы билік пен халық арасындағы түсіністікті, бірлікті, өзара сенімділікті нығайтады» деген еді. Сондықтан да жергілікті атқарушы билік пен жергілікті сайланбалы органдардағы халық өкілдерінің өңірді дамытудағы өзара бірлескен жұмыстары аймақтың жан-жақты дамуына, халық билігінің үстемдігіне кепіл болады.
Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс жиырма екінші сессиясы болып өтті. Сессияны Сауран аудандық мәслихаты төрағасының міндетін уақытша атқарушы Ержан Мұстапаев ашып, жүргізіп отырды.
Сессияға Сауран ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Садибаев, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Сессияның күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.
Сауран ауданы әкімдігі жанындағы жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультациялық-кеңесші органның дербес құрамын бекіту туралы;
Сауран аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №114 «Сауран ауданының учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселелер қаралды.
Сессияның күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Садибаев жоғарыда қаралған мәселелерге қолдау көрсеткені үшін депутаттарға алғысын білдірді.
Ал,аудан аумағындағы тағы бір назардан тыс қалдырылмайтын мәселе мүгедектігі бар азаматтарды қоғамда өздерін басқалармен тең санауына, қоғаммен кірігіп кетуіне көмектесу үшін әлеуметтік жағынан қорғап, инфрақұрылымдардағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы жағдайларды қалыптастыру қажет. Бұл мәселе де аудандық әкімдіктің назарында.
Таяуда Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен аудан және оған қарасты ауылдық округтерде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымының бейімделуі жөніндегі тұрақты жұмысшы тобының отырысы өтті. Жиынға тұрақты жұмысшы топ мүшелері, ауылдық округ әкімдері және тиісті бөлімдер қатысты.
Жиналыстың күн тәртібінде «АMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша жол картасының 26 тармағы бойынша бекітілген нысандардың қазіргі таңда орындалуы, Сауран ауданы прокурорының 2023 жылғы 29 мамырдағы ұсынымындағы кемшіліктерді жою, мүгедектігі бар адамдардың сайлау учаскелеріне кіріп-шығуына қолайлы орта қалыптастырып, қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек баяндама жасады. Бұдан бөлек, 2024 жылға мүгедектігі бар адамдарға бекітілген жұмыс орындары квотасының орындалуы бойынша «Мансап» орталығының маманы Роман Шерментаев хабарлап өтті.
Жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев күн тәртібіндегі айтылған кемшіліктер бойынша ауылдық округ әкімдеріне және тиісті бөлім басшыларына орын алған кемшіліктерді тез арада жою жөнінде нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.
