ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Мемлекеттік Жастар саясатын жүзеге асыруда мектепке дейінгі мекемелерден бастап, жеткіншектердің кәмелет жасына толғанынша білім беру, тәрбиелеу, шымыр болып шынығып өсуіне барлық жағдай жасалады. Сонымен бірге рухани мықтылығы мен отаншыл болып өсуін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмыстар жасөспірімдер Отан алдындағы борышын өтеуге барғанда да жалғасады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметінің құрылғанына 32 жыл толуына орай, жастарға әскери патриоттық тәрбие беру, жастарды Отан қорғауға дайындау мақсатында, «Шардара шекара бөлімінің ұйымдастыруымен Шардара қаласындағы Орталық стадионда 18-тамыз «Шекарашылар күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара болып өтті. Мерекелік шараның ашылу салтанатында мемлекеттік Әнұран орындалды.
Аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар әскери саладағы азаматтарға аудан әкімі А.Қарсыбаевтың атынан Алғыс хаттар тапсырды. Сондай-ақ, құттықтау сөз кезегін Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы ардагерлердің төрағасы Қосаев Дәндібай Өсерханұлы, Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесшісі, отставкадағы майор Сәтбаев Қылыш және Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары полковник Байтұров Жандос Тоқтасынұлы айтулы мерекемен әскери сала қызметкерлерін құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттап, №16 кәсіптік колледж мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына Халық Қаһарманы Еңбек және соғыс ардагері Қалмырза Мәулен Реметұлы атындағы «Жас шекарашы» әскери патриоттық клубының Туы табыс етілді.
Сондай ақ мерекелік кеште аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары мен әскери салада жүрген қызметшілер патриоттық тақырыпта әннен шашу шашты. Айтулы мерекеге орай, Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының Шардара шекара бөлімінің әскери сарбаздары мемлекеттік шекара қорғаудағы әскери оқу-жаттығу түрлерінен көріністер қойды.
Спорт күні мерекесіне орай, аудан әкімі Арман Қарсыбаев жас спортшыларды қабылдап, кәсіби мейрамдарымен құттықтады.
«Құрметті спортшылар сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, Шардара ауданы спорт саласы бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бұл сіздер мен жаттықтырушылардың ерен еңбегі деп білемін. Мұнан кейін де, осы қарқыннан таймаңыздар. Ендігі мақсат Шардара ауданынан Олимпиада шыңын бағындыратын спортшыларды шығару. Осы жолда ауданымыздан аянбай тер төгіп, еліміздің абыройын асқақтататын тұлғалар шығатынына сенім білдіремін» — деді Арман Романұлы.
Сондай-ақ, әр спортшыға құрмет көрсетіп, алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырды.
2024 жыл тамыз айының 18-25 күндері аралығында Молдова елінің Кишинёв қаласында армрестлингтен жас-жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында 45-ші Әлем чемпионаты өтуде. Аталған байрақты бәсекеге Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 47 “Шардара Армспорт” клубының спортшылары ел намсынын қорғауға аттанды. Олар бүгінде ел намысы үшін әлемдік додада білек сыбана күш сынасуда. Шардаралық армрестлингші спортшылар талай жылдардан бері әлемдік, халықаралық, құрлықтық жарыстарда білектерінің мықтылығын дәлелдеп, жүздеген жеңімпаздарымен қуантып келеді. Мұнда бұл спорт түрінің дамығаны сонша еліміздегі армрестлингшілер ордасына айналды. Сондықтан да өтіп жатқан әлем біріншілігінен де шардаралықтар жеңімпаз болуып оралады деп үміттенеміз.
Сол сияқты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдаров Еркебұлан “Спорт күні” мейрамына орай, ардагер спортшылардың шаңырақтарына барып, аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан Алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырды. Спорт ардагерлеріне ыстық лебізін білдіріп, дендеріне саулық, шаңырақтарына береке-бақыт тіледі.