ТАЗАЛЫҚ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАРДА ТАЛАП КҮШЕЙДІ

Мемлекет басшысының еліміздің тазалығы мен азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жерге деген құрметті санада оятуға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы барлық жерде қолдау тауып, бүгінде аймақтардағы дәстүрлі шаралар қатарында жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте тазалыққа жауапты жеке кәсіпкерлер өзекті мәселелерін ортаға салды. Қазіргі таңда қаладағы 6 сектордың санитарлық тазалығына 7 жеке кәсіпкер жауапты. Олар шаһардағы 832 көшеден қатты тұрмыстық қалдықтарды қоқыс полигонына тасымалдайды.
Қала әкімі сектор басшыларына қоқыс тасымалының төлемі бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ескертті.
Ал, жеке кәсіпкерлерге қоқысты бекітілген кестеден кешіктірмей, тиянақтап алуды тапсырды.
— Әрине, еңбектің ақысы төленуі керек. Алайда, көрсетілетін қызмет те талапқа сай болуы қажет. Өздеріңізге бекітілген көшелерден белгіленген уақытта қоқыс алынбаған жағдайда біз де заң шеңберінде тиісті шаралар қабылдайтынымызды назарларыңызға саламын, — дей келе Нұрбол Әбдісаттарұлы тазалық мекемелерін өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Жеке кәсіпкерлер төлемақы қарызы жиналған азаматтарға ескерту хат жолданғанын, әр үйге тіркелген азаматтарды түгендеу жұмыстары басталғанын баяндады.
Полиция басқармасы 5-12 тамыз аралығында қалада ортақ пайдалану орындарын ластаудың — 165, абаттандыру қағидаларын бұзудың 14 фактісін тіркеген. Жол жабысындысын бұзған 3 жүк көлігі анықталған.
Мәжіліс соңында қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, кемшіліктерді жою үшін сала жауаптыларына нақты міндеттер жүктеді.
Қала аумағындағы санитарлық тазалықты, атқарылған жұмыстарды қадағалау мен тексеру арнайы құрылған жұмысшы топқа жүктелді. Бұл бойынша қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, жұмысшы топ міндеттері таныстырылды.
— Жауаптылар бекітілді, аймақтар белгіленді. Аптасына бір рет жұмысшы топ жетекшісінің есебі тыңдалады. Жұмыстың бағасы Ұйымдастыру бөлімі тарапынан жүргізілетін кері тексеріс нәтижелерімен салыстыра отырып берілетінін ескертемін. Заң да, талап пен тәртіп те ортақ. Қала тазалығы мен мүлкіне зиян келтіру – қоғамға деген құрметсіздік деп білемін. Жұмыс барысында көзбояушылық пен немқұрайлыққа жол бергендердің жауапкершілігі қатаң сұралатынын назарларыңызға саламын, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Жыл басынан бері облыс орталығында ортақ пайдалану орындарда ластау (ӘҚБтК 434-2 бабы) дерегімен 5467 хаттама толтырылып, 87 млн. 845 мың теңге айыппұл салынған. Абаттандыру қағидатын бұзған ( ӘҚБтК 505-бабы) 1751 жағдай тіркеліп, 5 млн. 521 мың теңге айыппұл рәсімделген. Келісімшарт арқылы қоқыс артып, аталған қоқысты белгіленбеген орынға тастаған 7 кәсіпкерге, 5 жеке жүк көлігі бар тұлғаларға қатысты Әкімшілік кодекстің 505 бабы және 434-2 бабымен шара көрілген.
Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала аумағында барлық салаға тазалық күндері белгіленіп, аптасына 2 рет тұрақты түрде сенбіліктер өтуде.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің жұмыс күні “Тұран” тұрғын үй кешенін аралап, кемшіліктердің қалпына келтірілуін тексерумен басталды.
Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында анықталған олқылықтар, аумағын күл қоқыстарды тазарту бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков баяндады.
Құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев мердігерлермен жүргізілген жұмыс жөнінде есеп берді. Қазіргі таңда мұнда аяқжолдардың бүлінген бөліктері қайта төселіп, кей үйлердің қасбеттерінің кемшіліктері кезеңімен атқарылуда.
Сонымен қатар, аралау барысында қоқыс алаңдарын болдырмау үшін қабылданған шаралар мен оның орындалуын бақылау нәтижелері тексерілді.
Есім хан көшесінің бойындағы жанама жолдың жағдайы да назардан тыс қалмады. Техникалар асфальт төсеуге жол негізін әзірлеп, таптау жұмысын бастаған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы аралау нәтижесімен барлық жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, олардың орындалу мерзім белгіледі.