ТҰЛҒАНЫ ҒАНА ЕМЕС МҰРАСЫН ДА НАСИХАТТАУДЫ ҰСЫНДЫ

Мемлекет пен оны құраушы ұлттың өткенінің маңыздылығы ол халықтың санасы мен рухының өшпеуіне, ұлттық гені арқылы ұрпақтар жалғастығымен халықтың және мемлекеттің болашағын дұрыс қалыптастыруға әсер етеді. Тарихи бастауын, халық болып қалпытасып, мемлекеттігін құрып, тарих сахынасына шыққан кезеңін бұдан төрт-бес мың жыл бұрынғы ғұн, сақ, қаңлы дәуірлерінен бастайтын қазақ ұлтының тарихи-мәдени мұралары ұшан-теңіз. Соны көз қарашығындай сақтап, насихаттап, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру ең маңызды мәселе.
Тарихи, рухани, мәдени жәдігерлерге өте бай Түркістанға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс сапарымен келді. Алдымен министр төрағалығымен тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша отырыс өтті. «Ұлы дала елі» музейінде өткен мәжіліске Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды және жауапты басшылар мен ғалымдар қатысты.
Жиында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы тапсырған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арнап ауқымды, мазмұнды халықаралық симпозиум өткізу жайы қаралды. Содан соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау, мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.
«Халықтың мәдениетін сақтауға еліміздің әр азаматы мүдделі. Шетелдік мамандардан кеңес алып қоймай, өздерін де реставрациялық жұмыстарға қатыстыру қажет», деді министр өз сөзінде. Реставрация – деген тарихи түпнұсқасын қалдыра отырып қайта қалпына келтіру, жаңарту. Конференцияны жыл сайын өткізу шарт емес, оның нәтижесі қалай сол жағына мән беру керек. Ал негізі Ясауидің өзін ғана емес, хикметтерін, мұрасын насихаттау керек.