ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ҚОЙЫЛҒАН МІНДЕТТЕР САРАЛАНДЫ

0
59

Түркістан облысының қала, аудандарында өтіп жатқан Мұғалымдердің тамыз кеңесінде жаңа оқу жылында алға қойылған жаңа міндеттер сараланып, оларды орындау жолдары қарастырылды. Зымына заман ағымынан қалып қоймау үшін білім беру процестеріне ғылым мен білім жетістіктерін енгізу мен цифрландыру және инновациялық жобаларды игеру бойынша жасалатын жұмыстар ауқымы белгіленді.
Мақтарал ауданында білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында аудандық тамыз педагогикалық кеңесі өтті.
Кеңес жиынына аудан әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсекбаев Қадір, аудандағы білім беру мекемелерінің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынға келген көпшілік алдымен аудандық мәдениет сарайының фойесіндегі білім беру ұйымдарының жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы көрме жұмыстарын тамашалады.
Мұнан соң тағылымды шараның ашылуында мемлекеттік Гимн орындалып, жұмыс регламенті бекітілді. Жиында алдымен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арап Қайрат Әбдірахымұлы баяндама жасап, 2023-2024 оқу жылында ауданның білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы атап өтті.
Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков және аудандық мәслихат төрағасы Қ.Сәрсекбаев сөз алып, ұлағатты ұстаздар қауымын аудандық тамыз педагогикалық кеңесінің ашылумен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Шара барысында ауданның білім саласындағы жемісті еңбектері үшін бір топ ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң ауданның білім саласындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттер сараланды.
Мақтаарал ауданының ата-аналар комитетінің төрағасы М.Оспанов, В.Комаров атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Ғ.Торыбаев, С.Рахымов атындағы жалпы білім беретін мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тажбанова Гулжан, Жамбыл атындағы жалпы білім беретін мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бакирова Гулжаухар жарыссөзге шығып, заманауи білім беру тақырыбы бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Тағылымды шарада «Жаңа жол» жалпы білім беретін мектебінің оқушылары ұстаздарына арнау өлеңдерін оқып, шара соңы аудан өнерпаздарының әуезді әнімен қорытындыланды.
Тамыз педагогикалық кеңесі Шардара ауданында да өтті. Кеңес жиынына аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбекұлы, ардагер ұстаздар, аудандағы білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Көпшілік алдымен аудандық мәдениет сарайының фойесіндегі білім беру ұйымдарының жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы көрме жұмыстарын тамашалады.
Жиында алдымен аудандық білім бөлімі басшысы Мұсатаева Жанат Тұяқбайқызы баяндама жасап, 2023-2024 оқу жылында ауданның білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы атап өтті.
Шардара аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбекұлы сөз алып, ұлағатты ұстаздар қауымын аудандық тамыз педагогикалық кеңесінің ашылумен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Сонымен қатар пленарлық отырыс барысында ауданның білім саласындағы жемісті еңбектері үшін бір топ ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің төсбелгілерімен, Облыстық білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Ауданның білім саласындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттер сараланды.